ОТБАСЫЛЫҚ ЖАНЖАЛ ШЫҒАРҒАН ЕР АДАМ ПОЛИЦЕЙГЕ ПЫШАҚ СҰҚТЫ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 1033
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда 23 жастағы ер адам полицейге пышақ салды. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Ұсталған күдікті Көксу ауданының тұрғыны болып шықты. Ол қазір қамауда отыр. Полицейге пышақ салған күдіктінің ішімдік ішкені анықталды. Полицияға түнгі сағат 01:15-те Талдықорған қаласының тұрғынынан автобекетте масаң күйдегі ер адамның отбасылық жанжалға байланысты қауіп төнгені туралы шақырту келіп түскен.

Шақырту орнына дереу жеткен Талдықорған қаласы ПБ екі учаскелік полиция инспекторын байқаған күдікті оқиға орнынан жасырынуға тырысқан. Тәртіп сақшысы құқық бұзушыны қуып барып ұстамақ болған. Бірақ қашқан адам Абай-Жансүгіров көшелерінің қиылысында полицейге пышақ салады.

Қазіргі таңда Көксу ауданының 23 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қылмыс құралы асүй пышағы тәркіленді. Полиция қызметкері Талдықорған қаласындағы ауруханаға жеткізілді. «Билік өкіліне қатысты күш қолдану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 2-бөлігінде көзделген қылмыстық іс қозғалды», - делінген Алматы облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан