ТАЛҒАР ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҮШ ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1316
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданының полицейлері әріптестерін құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

7 мамыр - Отан қорғаушылар мерекесі күніне орай Талғар ауданы ПБ бастығы Жанболат Зиадиннің бастауымен Талғар ауданды полиция басқармасында қызмет атқарған ПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дәулетжан Сыдықбеков, әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Бақытжан Оразбаев және жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Зарина Садықова құрметті еңбек демалысына шығарылды.

«Құрметті әріптестер, сіздерді 7 мамыр - Отан қорғаушылар, 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын. Шаттыққа толы осы күндер Қазақсатандағы барлық азаматтардың мерейін үстем еткен, ұрпаққа үлгі болған, тағылымы терең тарихи мейрамдар. Жүрегіміздің жылуы сөнбесін, отбасымыз сау, еліміз аман болсын! Еліміздің әр шаңырағына береке-бірлік тілей келе, өзіміздің ортамыздан құрметті демалысқа шығып отырған әріптестеріміз Дәулетжан Атантайұлын, Бақытжан Оразбайұлын және Зарина Рашидқызын шын жүректен  құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», - деді өз сөзінде Талғар ауданының ПБ бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

Талғар аудандық ПБ жеке құрамының тарапынан еңбегі еленген, құрметті еңбек демалысына шығарылған қызметкерлерге естелік сыйлықтар табысталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"