ШАРЫНДАҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ: ЕКІ БАП БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1194
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Екі адамның өмірін қиған Шарын шатқалындағы қайғылы жағдай бойынша екі баппен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі және ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпараттар заңға сәйкес жарияланбайды», - деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Яғни, тергеу қауіпсіздік талаптарына сай қызмет көрсетпегені үшін адам өліміне әкеп соққан жағдай бойынша және балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігінің сақталмағандығына сәйкес жүріп жатыр.

Еске салайық, 29 мамыр күні Алматының №199 мектебінің 5-сыныбында оқитын 8 оқушы, 5 ата-ана және 3 мұғалім Шарын шатқалына саяхатқа шыққан. Шатқалда кенет сел жүріп, 2 адам мерт болды, бір адам із-түзсіз жоғалып, тағы 6-уы зардап шекті. Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүріп жатқанын мәлім етті. Мерт болған ұстаз - 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл. 30 мамырда селге ағып кеткен оқушы қыз табылды. Оны құтқару сәтінен видео да жарияланды. ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев бұл саяхат мектеп әкімшілігімен келісілмегенін мәлім еткен еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"