ДҮКЕН ҚЫЗМЕТКЕРІН ПЫШАҚТАҒАН ҚЫЛМЫСКЕР 6 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 05.06.2021
Оқылды: 1122
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қарасай ауданында үш дүкен қызметкерін пышақтап, ізін суытқан күдікті Шығыс Қазақстан облысында ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылдың сәуір айында Қарасай ауданындағы сауда үйлердің бірінен арыз түскен. Шағымданушы дүкендерін тонап, үш қызметкердің пышақ жарақатын алғанын жеткізген. Оның ішінде екі жәбірленушінің пышақ жарақаты ауыр деңгейде, ішкі құрылысы айтарлықтай жарақаттанған.

Тергеу барысында үш адамның қарақшылық жасағаны анықталған. Оның екеуі 19-20 жастағы Алматы қаласының тұрғындары. «Екеуі ұсталды. Үшіншісі қашып кетті. Оған 2015 жылдың 13 мамырында іздеу жарияланып, ұсталған сәтте қамау туралы санкция шығарылды. Көп уақыттан бері оның мекен-жайын анықтау мүмкін болмады. Бірақ полицейлердің қырағы жұмысының нәтижесінде ол қанша тығылса да, қолға түсті. Күдікті Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында ұсталды. Қамауға алынды. Бұл факт 293 баптың 3 бөлігі, яғни, пышақ қолданып бұзақылық жасау бабымен тіркелген болатын. Іс қайта қаралып, ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлігі «Қарақшылық« және ҚР ҚК 188 бабының 2 бөлігі «Тонау« бойынша ауыстырылып, тергеліп жатыр», - деді полиция таратқан хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"