ЖАҢА ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНЕДІ

Уақыты: 11.06.2021
Оқылды: 1370
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Шілде айынан бастап әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Осыған орай кодексті түсіндіру мақсатында облыстық әкімдікте ҚР Әділет министрі  Марат БЕКЕТАЕВ пен аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен жиын өтті. 

– Өткен жылы әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданғаны белгілі. Еліміз үшін ол өте маңызды құжат. Өйткені мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасында қарым-қатынастардың жаңа үлгісін енгізеді. Әділет министрлігі бүгінде жер-жерге барып түсіндіру жұмыстарын атқарып жүр, – дей келе министр жаңа заңның пайдасын толықтай тарқатты. Сонымен қатар, кодекстің басты мақсаты қоғамдағы жанжалдар мен шиеленістерді азайту, мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар арасындағы келіспеушілікті сотқа жеткізбей шешу екендігін жеткізді.
Енді мемлекеттік орган мен жеке тұлға арасындағы дау тиімді шешіледі. Бұған дейін мұндай істер азаматтық соттарда қаралып келген. Ол кезде мемлекеттік ұйымдардың бәсі басым болатын. Жаңа кодекске сай мемлекеттік орган немесе квазисектор өкілдері тек жауапкер болып табылады. 
Жиын барысында аймақ басшысы бұл мәселенің әр жиында талқыланатынын, алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін  жеткізді.

Айдар ҚАЛИЕВ