СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАЗА КҮШЕЙДІ

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1088
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлық пара беру немесе алумен ғана шектелмейді, ол мемлекеттік (қызметтік) билікті жеке мүдде үшін теріс пайдалану арқылы да сипатталады. Яғни жеке тұлғаның пайда табу мақсатында мемлекет пен қоғамның заңды мүдделеріне қайшы келетін өзінің лауазымдық жағдайын заңсыз пайдалануы.

Сыбайлас жемқорлық билікке, мемлекет пен қоғамға зиян келтіреді. Сол арқылы билікті қоғамның мүддесі үшін емес, жеке тұлғалардың немесе белгілі бір адамдар тобының мүддесі үшін пайдаланады. Еліміздің осы індетке қарсы саясатын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту, квазимемлекеттік секторда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдар қызметінде ашықтықты, транспаренттілікті және есептілікті қамтамасыз ету.
Соңғы екі жылда бірқатар өзгерістер мен жаңалықтар орын алды. Осы аспектіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар заңнамалық новеллалардың бастамашысы болды. Осылайша, 2019 жылдан бастап қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшылардың отставкаға кету институты енгізілді. Өткен жылдан бастап ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға тыйым салынды. Қауіпсіздігі барынша төмен колония-қоныстар деп аталатын қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандар үшін жазаны өтеу мүмкіндігі алып тасталды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттарына, судьяларға шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салынды, пара берушілер мен делдалдардың парақорлыққа жауапкершілігі күшейтілді, мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтар беруге тыйым салынды, комплаенс-офицерлер институттары енгізілді. 
Осы заңнамалық нормаларды қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға үлес қосып, осы аспектіде заң шегінен шығып кеткендерге кешенді түрде шара қолдануға мүмкіндік береді.

Ернар Мақажанов,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
облыс бойынша департамент басшысы