АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БҰРЫН ПОЛИЦИЯДА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН БЕС АДАМ СОТТАЛДЫ

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 1165
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында бес бұрынғы полиция қызметкерлеріне сот үкімі оқылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыптау үкімін шығарды. Полиция қызметкерлері бірқатар қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Атап айтқанда:

1)алдын ала бір топ адаммен сөз байласу арқылы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау және тасымалдау, лауазымды тұлғаның өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдалану (ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 3-бөлігінің 1), 4) тармақтары);

2)алдын ала адамдар тобымен келісу арқылы бірнеше рет бопсалау жолымен пара алу (ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 3-бөлігінің 1), 2), 4) тармақтары);

3)қызмет бабын асыра пайдалану (361-баптың 1-бөлігі);

4)заңсыз қамауға алу, ұстау немесе қамақта ұстау (ҚР Қылмыстық кодексінің 414-бабының 1-бөлігі);

5)өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алаяқтыққа бару (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағы) баптары бойынша істі болды.

"Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы негізінде 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын, ал тағы біреуіне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады", - деп атап өтті Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан