КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА МАСКҮНЕМ ШОПАНДАР БІРІГІП, АДАМ ӨЛТІРГЕН

Уақыты: 17.09.2021
Оқылды: 1187
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Егде жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен екі шопан ұсталды. Оқиға Кербұлақ ауданында болған. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

«Кешкі сағат 18:00 шамасында Кербұлақ аудандық полициясына өрісте зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша тіркелді. Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы Іле ауданының 65 жастағы тұрғынының денесін анықтады. Әйелінің айтуы бойынша, ол Жаркент қаласына серіктесін алып келу үшін кеткен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Кербұлақ аудандық полиция бастығының орынбасары, полиция майоры М.Қыдырәлінің басшылығымен жергілікті орындарды қарау барысында ЖПБ жедел уәкілдері, полиция аға лейтенанттары Туралиев А. және Сейітжан А. Қоңырөлең ауылының маңында жолда келе жатқан мас адамды күдікті ретінде ұстады. Суретке түсіріп алып, тану үшін жәбірленушінің әйеліне ұсынған. Ұсталған адам кісі өлтіргенін мойындады және екінші шопанмен қайтып келе жатып, үшеуі ішімдік ішкенін айтқан», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция ақпаратына сәйкес, ер адамдар арасында жанжал жұмысқа төленетін ақшаның аздығынан туындаған. «Кейін екеуі бірге марқұмды тұншықтырған. Телефон мен ақшаны алып, мәйітті далаға тастап, жәбірленушінің көлігімен өздері кетіп қалған. Ұрланған ақшаға ішімдік сатып алып, ішуді қайта жалғастырған. Қоңырөлең ауылының маңында көлік сынған. Екінші күдіктіні, Панфилов ауданы Шолақай ауылының 44 жастағы тұрғынын полицейлер марқұмның көлігінде ұйықтап жатқан жерінен тапқан. Күдіктілердің екеуі де қамауға алынды», - деп толықтырды полицияның баспасөз қызметі өкілдері.

Белгілі болғанындай, олардың бірі бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны, соның ішінде, мал ұрлағаны үшін бірнеше рет сотталған. Екіншісі маскүнем ретінде тіркелген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі, 7-тармағымен «бір топ адамдармен жасалған адам өлтіру қылмысы» ретінде қайта қаралды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"