ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТӨРТ АЙЛЫҚ СӘБИ САУДАҒА ТҮСКЕН: СОТ ҮКІМ ОҚЫДЫ

Уақыты: 19.09.2021
Оқылды: 1060
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талдықорғандағы сұмдық жайтқа байланысты сот үкімі оқылғанын мәлімдеді.

"Талдықорған қаласының білім бөлімі" ММ қызметкеріне ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланы сатпақ болғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігі) 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сот үкімімен осы қылмыста делдалдық жасағаны үшін К.Полномочнова есімді азаматша да (368-баптың 1-бөлігі) 4 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелген.

Тергеу материалдарына сәйкес, білім бөлімінің қызметкері жетім баланы бөтен отбасыға тәрбиелеуге бергені үшін 400 мың теңгенің парасын алған. Бұған дейін Талдықорғанда төрт айлық сәби жол апатынан аман қалып, Алматы облыстық мамандандырылған балалар үйіне түскені, алайда нәрестені аталмыш білім бөлімі қызметкері 400 мың теңгеге сатпақ болған жерінен ұсталғаны жайлы ақпарат тараған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"