АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АТЫС ҚАРУЫН ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 20.09.2021
Оқылды: 967
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында азаматтық қару иелері тексерілді. Нәтижесінде, қаруды сақтау, тіркеу және қайта тіркеу ережелерін бұзудың 984 фактісі анықталды. Атыс қаруы мен оның оқ-дәрілерін заңсыз сақтау бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иемденгені, бергені, өткізгені, сақтағаны, алып жүргені, тасымалдағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 482-бабы бойынша 37 азамат әкімшілік жауапқа тартылған.

- Аталған іс-шаралардың нәтижесінде қарумен байланысты қылмыстар мен ұрлық төмендеді. ҚР ІІМ бұйрығына сәйкес, биыл 20 сәуірден бастап Алматы облысының аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізіледі. Полиция департаменті және облыстың барлық қалалық, аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінде тапсырылған қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың техникалық жай-күйін, сондай-ақ, сыйақы мөлшерін анықтау жөніндегі 21 комиссия құрылды. Бүгінгі күні Алматы облысының аудандық және қалалық полиция бөлімшелері жалпы сомасы 6 млн.58 мың 691 теңгеге 99 бірлік қаруды (89 бірлік тегіс ұңғылы, 9 бірлік ойық ұңғылы, 1 бірлік травматикалық және 176 дана ойық ұңғылы патрондар) өз еркімен тапсырған азаматтардың 74 өтінішін тіркеді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"