"ҰРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ": ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Уақыты: 09.10.2021
Оқылды: 1382
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Журналистер үйінің мәжіліс залында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев пен облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін мемлекеттік қызметкерлермен кездесу өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды назарға ұсынды.

Жандос Сағындықұлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тек заңбұзушылар мен қылмыскерлерді ұстап, жазалау ғана емес, қоғам дертінің алдын алу, болдырмау мақсатында жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Осы бағытта Алматы облысы республика бойынша бірінші орында келеді. Жыл басынан бері 1400 онлайн шара ұйымдастырылса, 200-ден астам бейнеүзік көрсетіліп, баннер, плакаттар ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіру, қабылданып жатқан шаралармен таныстыру мақсатында мемлекеттік қызметкерлермен 200-ден астам кездесу өткен.
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте сыбайлас жемқорлыққа арналған 15 бап бар. Біз оны бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы жарияладық. Әкімшілік құқықбұзушылыққа тартқан кезде «Біз білмей қалдық» деп жатады. Заң бұзылғаннан кейін міндетті түрде тиісті шара қолдануымыз керек. Қозғалған іс бойынша соттың шешімі шығып, адам бас бостандығынан айрылатын болса, жазасын аяғына дейін өтейді. Оларға жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату жүрмейді. Кейін өмірбақи мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет етуге тыйым салынады, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Барлық тәрбие отбасынан басталатынын сөз еткен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін:
– Менің ата-анам: «Ешкімнің ала жібін аттама. Бір түйір біреуге қиянат жасасаң, ертең я өзіңнің, я ұрпағыңның алдынан шығады. Ұрлық түбі – қорлық» деп тәрбиелеген. Жемқорлықпен күресті өзімізден бастауымыз керек. Ол үшін ұлттық сана, Отанға деген сүйіспеншілік дұрыс жолға қойылуы тиіс. Ең алдымен балаларды қазақша мектепке берген жөн. Қарттар үйінде жатқандардың көбі балаларын орысша оқытқан. Қазақ тілі арқылы ол тарихын ұғынады. Қазақтың тарихы тереңде жатыр. Аттила да, Шыңғысхан да біздің тікелей бабамыз. Осылай тарихи сана қалыптасып, кейін ұлттық санаға ұласады. «А, Құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер» дегенді бекер айтпаған. Қазіргілерде негіз жоқ, тек жетпейді. Текті адам ғана адал қызмет етеді. Мың жерден миллиардер,  министр болсын, тек болмаса бәрі бекер, – деді.
Тағылымға толы кездесуде әртүрлі сұрақтар қойылып, оларға толыққанды жауап берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар одан әрі жетілдіріліп, жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер де жалғаса беретіндігі айтылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ