ЗАҢ, ҚОҒАМ, ТӘРТІП: БҮГІН ҚАЗАҚСТАН ПРОКУРАТУРАСЫНА 30 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Уақыты: 06.12.2021
Оқылды: 1886
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Егемен еліміз үшін ең қастерлі де ұлық мереке саналатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне 30 жыл толуымен қатар Қазақстанның прокуратура органдары биыл 6 желтоқсанда өзінің 30 жылдық мерекесін атап өтуде. Осы жылдардың ішінде Қазақстанның құқық қорғау жүйесіндегі орталық институттың бірегейіне саналған прокуратура өзінің басты міндетін атқару барысында еліміздегі құқық тәртібі мен заңдылықтың қамтамасыз етілуіне жоғары қадағалау жүргізуді жүзеге асырып, мемлекеттің сенімді тірегіне айналды.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қауымдастықта зор беделге ие болғаны белгілі. Азаттықтың ақ таңы атып, күні шыққалы Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында ұрпағының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көруін армандап кеткен ата-бабаларымыздың аңсары орындалып, Қазақ елінің әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделі асқақтады. Сондықтан ұлтымыздың маңдайына біткен бағы мен көзінің қарашығындай сақтайтын басты құндылығы Тәуелсіздік болуы тиіс.

Ал Тәуелсіздік жайлы сөз қозғағанда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін айтпай кете алмаймыз. Жалпы Қазақстан тарихында Желтоқсан көтерілісі маңызды орын алатыны белгілі. Өйткені, жылдар бойы кеңестік орталықтың шылбырына байланған тағдырымызды жаңа арнаға бұрудың алғашқы әрекеті болды. Екіншіден, орталықтың «өзім білем» деген өктемдігіне қарсылықтың белгісі еді. Сонымен бірге, мызғымастай көрінген Кеңес одағының тарауына жеткізген одақтас республикалар ішіндегі тұңғыш қозғалыс деп танылды. Біз қазір ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Сөйткен Тәуелсіздікті баянды ету өз қолымызда екені белгілі. Сол үшін елдің рухын көтеріп, отансүйгіштік сезімді нығайту – мемлекетіміз үшін ерекше маңызды қадамның бірі де бірегейі.

Енді Қазақстан прокуратурасы тарихының қалыптасуына сәл шегініс жасасақ, оның қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өтті. Жалпы, оның тарихын маңызды үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 3-ші сессиясы, 2-ші шақырылымының шешімінен бастау алады. Одан кейін Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Соған сәйкес Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Сол сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітілген-ді.

Прокуратура дамуының екінші кезеңі өкілеттігі барынша кеңейе түскен 1933 жылдан басталады. Әділет халық комиссары жанынан құрылып, дербестікке қол жеткізген прокуратура басқармасының тарихында тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді. 1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конституциясын қабылдады. Бұл оқиға республика үшін тарихи маңызға ие еді. Содан көп ұзамай еліміз автономиялы республикадан одақтық республикаға айналып, КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекеттің бірі болды. Өзінің алғашқы Конституциясын 1937 жылы қабылдаған Қазақстанда прокуратураның дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталды. Яғни, сол жылдың 11-ші қарашасынан бастап прокуратура Әділет халық комиссариатынан түбегейлі бөлініп, республикадағы құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс жасай бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры болып С.Есқараев тағайындалды. Тікелей КСРО-ның прокурорына бағынатын Республика прокуратурасына мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жекеменшік ұйымдардың іс-әрекетінің заңдылығына, жеке адамдардың, тергеу органдары, анықтау және тағы басқа да органдардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру жүктелді.

Қазақстан прокуратурасы туралы әңгіме қозғағанда өзіміз қызмет етіп отырған Алматы облыстық прокуратурасы жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аймақтық құрылымы саналатын облыстық прокуратура КСРО прокуратурасы дамудың екінші кезеңіне қадам басқан 1933 жылдың 28-ші ақпанында құрылған. Жетісу жеріндегі заңдылықтардың орындалуын қадағалау сынды аса жауапты мемлекеттік міндет жүктелген облыстық прокуратура алғаш құрылған жылы 22 ауданды қадағалады. Алайда 1936 жылы облыс прокуратурасының құрамынан Шұбартау, Аягөз, Мақаншы, Үржар, Лепсі, Шет, Қоңырат аудандары мен Семей қаласы бөлініп, басқа облыстың құрамына енді.

Содан бері Талдықорған облысының құрылуы және таратылуына байланысты аудандар 1944, 1968 және 1997 жылдары Алматы облысының прокуратурасы құрамынан үш рет бөлініп, үш рет қосылды. 1944 жылдың мамыр айында Алматы облысы құрамынан шығарылған Қордай, Красногор, Шу аудандары Жамбыл облысына берілді. Дегенмен, қай кезде болмасын, облыс прокуратурасының жұмысы басқа өңірлерге үлгі ретінде ұсынылып отырды. Облыстық прокуратураға басшылық еткен азаматтар арасынан елімізге есімі кеңінен танылған тұлғалар шыққанын айта кеткен жөн. Алғашқы құрылғаннан бастап Алматы облысының прокуроры қызметін 1933 жылы Ф. Гомилевский, 1933–34 жылдары В.Николаев; 1935–37 жылдары М.Овчинников; 1938–40 жылдары А.Капалина; 1940–42 жылдары Г.Рева; 1942–43 жылдары облыс прокурорының міндетін Е.Сегізбаев пен И.Сыздықов; 1944 жылы Р.Федоренко; 1945–49 жылдары А.Капенова; 1950–61 жылдары А.Мұхамедияров; 1961–62 жылдары Ө.Сейітов; 1962–65 жылдары Б. Тапалов; 1965–73 жылдары Е.Есболатов; 1973–77 жылдары Н.Нұрғалиев; 1977–84 жылдары А.Нұрмағамбетов; 1984–88 жылдары А.Қапсұлтанов; 1988–91 жылдары И.Баймұхаметов; 1991–94 жылдары  І.Бақтыбаев; 1994–96 жылдары О.Жұмабеков; 1996–2001 жылдары Ғ.Өтебаев; 2001–2002 жылдары С.Оңғарбаев; 2002–2005 жылдары Ж.Байтұқбаев; 2005–2006 жылдары С.Оңғарбаев; 2006–2009 жылдары М.Жөргенбаев; 2009–2012 жылдары Е.Кененбаев; 2012–2017 жылдары Ғ.Миразов атқарды. 2017 жылдан бастап осы күнге дейін облыс прокуроры қызметін А.Жылқыбаев атқаруда.

Прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алған сәттен басталды. 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас Прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. Содан бері 6 желтоқсан – Қазақстан прокуратурасы күні болып аталып өтуде.

Мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуын, мемлекет мәртебесіне көлеңке түспеуін және мемлекеттік мүдденің қорғалуын жүзеге асырудың құқықтық тетігі саналады.

Заманның дамуымен бірге прокуратура қызметі де өмір өрнегіне сай өркендеп келеді. Мемлекет басшысының Жарлығына сай құқық қорғау органдарына жүргізіліп жатқан реформадан прокуратура тысқары қалған жоқ. Халық атынан сөз алған Мемлекет басшысы прокуратураның құзыретін одан ары күшейтіп, заңдылықтардың орындалуын қадағалаудағы міндетін арттыра түсті. Осыған қарап отырып, прокуратура органының қызметкерлері өзімізге жүктелген міндеттің мәртебесі мен маңыздылығын іштей сезініп, оны орындаудағы жауапкершілік туын әрдайым биік ұстауға тырысамыз. Қазақстан прокуратурасының терең тарихын, оның қалыптасу және даму кезеңдерін зерттеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Заңның сақталуын қорғауға өзіндік үлес қосып келе жатқан прокуратура тарихының шертер сыры әлі де аз емес.

Тәуелсіздігіміз әрқашан тұғырлы болсын!

Қанат НҰХАЕВ,

Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі

Сурет ғаламтордан алынды