ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА МАС ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҰСТАЛЫП, 15 КҮНГЕ ҚАМАЛДЫ

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 1098
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданының жол сақшылары түнде автопатрульдеу кезінде жүрісі күмән тудырған «Мазда-626» маркалы көлігін тоқтатып, жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтады.

Жүргізушіге заң талабына сәйкес медициналық куәландыру жасалды.

- Аталған дерек бойынша «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» кодексінің 608-бабына сәйкес, хаттама толтырылып, сот шешімімен 1979 жылы туған тұрғын 15 тәулікке қамалды. Енді бұл жүргізушінің 7 жыл көлік тізгіндеуге құқығы жоқ. Өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретін мас жүргізушілерге бұл әділ жаза деп ойлаймын, - деді Ескелді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Баймұханов.

Ауданның бас полицейінің ақпаратына сәйкес, патрульдік полицейлер Шымыр ауылында тағы бір күмәнді жүргізушіні ұстаған. Алайда жүргізуші медициналық сараптамадан өту тәртібінен бас тартқан. Сот органдарының қарауына ұсынылған іс материалдары бойынша тиісті сот шешімі шығып, жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған және 8 сегіз жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылған.

- Масаң күйде көлік тізгіндеу өте қауіпті әрекет екенін және ол қолданыстағы заңға сәйкес қатаң жазаланатынын ескерткім келеді. 2021 жылы 25 жүргізуші масаң күйде ұсталып, жүргізу құқығынан айырылса, биыл да заңды өрескел бұзған тұрғындар бар. Барлық жүргізушілерді жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамын, - деп толықтырды полиция подполковнигі Қайрат Баймұханов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"