АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕРРОРЛЫҚ ҚАУІПТІҢ "ҚЫЗҒЫЛТ-САРЫ" ДЕҢГЕЙІ ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 26.01.2022
Оқылды: 1340
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб аймақтағы жағдайдың тұрақталғанын хабарлайды.

Қабылданған шешімге сәйкес, 2022 жылдың 26 қаңтары сағат 00:00-ден бастап облыстың барлық аумағында террорлық қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейі алынып тасталды. Талдықорған, Текелі қалаларында, сондай-ақ, Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай, Ақсу, Көксу, Ескелді және Қаратал аудандарында террорлық қауіптің жоғары «қызғылт-сары» деңгейі белгіленді.

Облыс аумағында құқық қорғау органдары тәртіпсіздікке қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел іздестіру шараларын жалғастыруда. Қазіргі таңда террорлық қауіп деңгейінің шарттарына сәйкес, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды табу үшін құқық қорғау органдарына көліктерді тінтуге рұқсат етілген.

Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарап, сабыр сақтап, олардың заңды талаптарын бұлжытпай орындауыңызды сұраймыз.

Алматы облысының полиция департаменті