ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ҒИМАРАТҚА БЕЛГІСІЗ БІРЕУЛЕР АТЫС ҚАРУЫН ТАСТАП КЕТКЕН

Уақыты: 26.01.2022
Оқылды: 1425
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданында иесіз ғимараттың ішінен атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды.

Ескелді аудандық полиция бөліміне өңірде атыс қаруы табылғаны туралы ақпарат түсті. Қарулар Алматы облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі С.Қасымжановтың тексеруі кезінде табылған. Ол аудандағы орталық ауруханаға қарсы орналасқан иесіз ғимаратқа тінту жүргізген. Оқиға орнынан екі Макаров тапаншасы, тапаншаларға арналған төрт оқпан және 9 мм калибрлі 28 оқ-дәрі табылып, тәркіленген. Сонымен қатар, қару-жарақтың жанынан арнайы құралдарды белбеуге қыстыратын бекіту заттары шықты.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Салыстыру нәтижесінде бұл атыс қарулары жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорған қаласы полиция ғимаратынан ұрланғаны анықталды. Табылған барлық қару-жарақ қылмыстық іс материалдарына тіркеу үшін Алматы облысы тергеу басқармасына жолданды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"