ЕР-АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУДЫҢ ЖАҢА ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ БАЯНДАЛДЫ

Уақыты: 11.03.2022
Оқылды: 993
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен өткен жиында азаматтарды 2021 жылғы мерзімді әскери қызметке шақырудың қорытынысы талқыланып, туындаған мәселелерді шешу жолдары айқындалды. Сонымен қатар, 2022 жылғы көктемгі шақыруды сапалы өткізуге арналған жұмыс жоспары назарға ұсынылды.

Селекторлық режимдегі кеңеске аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, медициналық және шақыру комиссиясының, жергілікті әскери басқару органдарының, полиция департаментінің өкілдері қатысты. Жиында сөз алған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Талғат Дәулетханов былтыр ҚР Қарулы Күштерінде, ҰҚК Шекара қызметінде, Президенттің Мемлекеттік күзет қызметінде, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарында 3799 азаматты шақыру көзделіп, ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы толығымен орындалғанын айтты.

– Әскерге шақыру жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілді. Шақырылғандарды сапалы медициналық тексеруден өткізу үшін аудан, қалаларда 21 медициналық комиссия құрылып, оған 199 дәрігер мен 96 орта медициналық қызметкер тартылды. Медициналық комиссиялар аспаптармен, керек-жарақтармен және препараттармен 100 пайызға жабдықталды, – деген Талғат Жасболатұлы әскерге шақыру жұмысының сапасына әсер ететін мәселелерді көтерді. Соның ішінде азаматтарды тіркеуге қою, әскерге шақырылушыларды медициналық тексерістен өту үшін аудан орталықтарына тасымалдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізбеген Алакөл, Балқаш, Ескелді, Жамбыл, Райымбек, Кербұлақ аудандарындағы ауылдық округтерді атап өтті.

Аталған мәселелерді тез арада шешуді қатаң тапсырған Лаззат Махатұлы барлық мемлекеттік органдар өз құзыреттілік шегінде мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету керектігін айтты.

– Қала, аудан әкімдері жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, 2022 жылдың мерзімді әскери қызметіне шақыруды сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз етсін. Аудандық полиция бөлімдерімен бірлесіп, әскери міндеттерін орындауда жалтарған азаматтарды іздеп, табуды тапсырамын. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы сапалы медициналық куәландыруды қамтамасыз етсін, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы уақытта қателіктерге жол бермей, бірлесіп жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы