АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕКІ ГАЗЕТІНЕ КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1552
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлықты жою – мемлекеттің басты бағытының бірі. Осыған орай 2021 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік тәжірибеге сәйкес елімізде комплаенс-қызметі жүзеге асырылатынын жеткізген болатын.

Атаулы маманның міндетін, мақсатын түсіндіру үшін «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Шыңғыс Бозым Алматы облыстық «Jetisy`» және «Огни Алатау» газеттерінің ұжымына арнайы кездесу өткізіп, серіктестіктің комплаенс-офицері Жанар Хабасованы таныстырды.

Жалпы, еліміздегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына 2020 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Сол өзгерістерге сәйкес Қазақстандағы комплаенс қызметі квазимемлекеттік сектор нысандарына міндеттелетіні анық жазылған. Соған орай атаулы құрылымның квазимемлекеттік салада құрылуы міндетті болса, жекеменшік компаниялардың таңдау еркіндігіне жатады. Яғни, кез-келген мекемеде тәуелсіз әрі ресми мәртебемен жұмыс істейтін комплаенс-қызметкер, қажетті мәліметтерді толығымен алуға, ішкі тергеу-тексеру жұмыстарын қажетті мамандарды қатыстыра отырып жүргізуге құқылы. Бір сөзбен айтқанда, олар әрбір мекемеде сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің офицері қызметін атқарады.

Осындай жауапты міндет жүктелген комплаенс-офицер сыбайлас жемқорлықтың белгілерін анықтап, болуы ықтимал әрекеттердің алдын алуға септігін тигізеді. Одан бөлек, квазимемлекеттік секторда жиі орын алатын жұмысқа орналасу деректерін әшкерелеп, ұжымда сыбайлас жемқорлықтың зардабына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізе алады.

Елімізде жаңадан қолға алына бастаған қызметтің мемлекет дамуына тигізер ықпалы мол болуынан үміттіміз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"