БҮЛІК КЕЗІНДЕ ҚАЗА ТАПҚАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ОТБАСЫНА ПӘТЕР БЕРІЛДІ

Уақыты: 14.03.2022
Оқылды: 1472
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы жылдың басы халқымыз үшін қасіретке толы болды. Ел ішінде Қаңтарда орын алған жаппай қақтығыс кезінде көптеген отбасы қара жамылып, қайғы шекті. Тәртіпсіздік кезінде облыстық полиция департаментінің инспекторы Дархан Барғанаев, Талдықорған қаласындағы ЛА-155/16 мекемесінің инспекторы Ербол Ержанов, Талдықорған қаласындағы 21751 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Ғабдулла Смайлханов сынды құқық қорғау саласы қызметкерлері ерлікпен қаза тапты.

Халықтың тыныштығын күзету жолында жан қиған әскерилер мен полиция қызметкерлерінің әйел, бала-шағасына рухани және материалдық қолдау көрсету мақсатында пәтер кілтін табыстау шарасы өткізіліп, қаралы отбасыларға демеу жасалды. Марқұмдардың жақындарымен кездесуде облыс әкімі Қанат Бозымбаев:

– Баршаңызға белгілі Қаңтар оқиғасы  еліміз үшін оңай болған жоқ, біз қиын кезеңді бастан өткердік. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қауіп төнді. Елімізде орын алған жағдай жетісулықтарды да айналып өтпеді. Облыс орталығы біраз зардап шекті, жастар арасында түсінбеушілік, арандатушылық орын алды. Осы бір сын сәтте ел тыныштығын қорғауда азаматтарымыз ерлік көрсетті, – деп дүрбелеңге толы күндердің зардабына тоқталды. – Өкінішке қарай, сол дүрбелеңде бірқатар азаматымыз ерлікпен қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын.

Қызметтеріне адал, отансүйгіш азаматтар ретінде олардың бірі – отбасының тірегі, бірі – ата-ананың ардақты ұлы болатын. Ел басына күн туғанда ерлік көрсеткен ер-азаматтарға бас иеміз.

Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына барлық жағынан көмек берілуде. Облыс әкімдігі тарапынан қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлері отбасыларының әрқайсысына 5 миллион теңгеден өтемақы төленді. Екінші деңгейлі банктермен қаза тапқандар мен олардың жарларының несиелері кешірілді. Бүгін, міне, қаза болған қызметкерлердің отбасына тұрғын үй кілтін табыстаймыз. Осындай игі істің атқарылуына себепкер, демеуші болған «Хан Тенгри Development LTD» компаниясының бас директоры Ли Виктор Васильевичке ризашылығымыз шексіз.

Жиын соңында марқұмдардың туыстары жақсылық жасаған «Хан Тенгри Development LTD» компаниясының басшылығына ризашылық білдіріп, естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы