ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА АҚША БОПСАЛАҒАН БЛОГЕР 3,5 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Уақыты: 20.03.2022
Оқылды: 1353
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданында бопсалаумен және алаяқтықпен айналысқан блогер сотталды.

Алматы облыстық полициясы тергеу мен соттың бірнеше айға созылғанын айтты. Іс материалына жауапкер ретінде бірнеше мың жазылушысы бар, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жүргізетін Шелек ауылының жас келіншегі болған. Тергеу барысында блогер әйелдің бірнеше рет алаяқтық жасағаны, сондай-ақ, бопсалау фактілері дәлелденді.

- Пандемия кезінде блогер ауылдық дәмханалардың бірінің әкімшісін бизнеске зиян тигізетін ақпарат таратамын деп қорқытып, одан ай сайын 20 мың теңгеге жуық заңсыз ақша алып отырған, - деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.

Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотының қаулысымен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» және 190-бабы «Алаяқтық» бойынша айыпты деп танылып, үкім шығарылды. Нәтижесінде, блогер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Бұл ретте сотталушының кәмелетке толмаған балалары ескеріліп, жазаны өтеу олар 14 жасқа толғаннан кейінгі уақытқа қалдырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ", - деді полиция департаментінің өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"