ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ МАУСЫМ АЙЫНЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ЖҮРЕДІ

Уақыты: 31.03.2022
Оқылды: 1444
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Отан алдындағы міндетті өтеу - парыз. Әрбір ер жігіттің өмірінде әскерге баратын кезең келеді. Елін қорғау жолындағы борышын өтеу мақсатында бүгінде Алматы облысының азаматтары әскерге шақырту алып, құжаттарын жинауға кіріскен.

Алды мектеп, кейбірі арнайы оқу орындарын бітіріп, түрлі мамандық иесі атанған жасөспірімдер ендігі ретте Отан қорғаушы болмақ. Қазіргі таңда жастардың әскер алдындағы күндері облыстық жинау пунктінде өтіп жатыр.

Болашақ сарбаздарға патриоттық тәрбие беру өте маңызды шара. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің жинау пунктіне келіп, жастарға сәттілік тілеуі дәстүрге айналған. Ер жігіттің өмірінде әскердің алатын орны, әскери билеттің маңызы туралы естіп-білген кез келген жастың борышын өтеуге құлшынысы оянатыны сөзсіз.

Жастармен кездескен Ауған соғысының ардагері Еркін Ерғожанов: «Туған елді, жерді сүю, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттер қай кезеңде де дәріптелуі керек. Отан алдындағы жауапкершілікті сезініп, борыштарыңды абыройлы өтеп, жақындарыңа аман-есен келулеріңе тілектеспін», - деді.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасатынын айта кеткен жөн.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Алматы облысы