ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАМАҚ БОЛҒАН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 03.04.2022
Оқылды: 1492
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарсы барлау қызметі Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетелдік барлау агенті «А» деген ҚР азаматын ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайты хабарлады.

Бір мезгілде ол арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған. Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару Қазақстанға кәсіби жасырылған түрде бөлшектермен әкелінген. Бұдан өзге, ҚР-да «А» әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофобтық көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаған.

Алдын ала тергеу барысында ҚР азаматы жоғарыда көрсетілген істерді шетел мемлекетінің тапсырмасымен жасағанын мойындады. Қазіргі кезде ҰҚК Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 1-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 255-бабы 4-бөлігінде (терроризм актісі) көзделген қылмысты жасау фактілері бойынша тергеу жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"