САРЫӨЗЕК ГАРНИЗОНЫНДА ДАБЫЛ ҚАҒЫЛЫП, САРБАЗДАР АТЫС АЛАҢЫНА АТТАНДЫ

Уақыты: 05.04.2022
Оқылды: 1217
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарыөзек гарнизонының шабуылдау бригадасы шынайы ұрыс түріне жақындатылған жағдайда батальондық тактикалық топтардың оқу-жаттығуын өткізді. Шараның негізгі мақсаты бөлімшелердің далалық дағдылары мен үйлесімділігін жетілдіру болып отыр.

Жаттығу жоспарына сәйкес, жеке құрам дабыл бойынша көтеріліп, «Көктал» оқу-жаттығу полигонына штаттық техникаларымен марш жасап жетті. Олар далалық жағдайға орнығып, жауынгерлік іс-қимылдарды орындауға даярлықтарын пысықтады. Жаттығу барысында басты зейін жеке құрамның тактикалық әрекеттер мен қаруды дұрыс қолдана білуіне бөлінгенін атап өткен жөн. Батальондық тактикалық топтардың жауынгерлік іс-қимылдары құрама командирінің басшылығымен өтті. Шабуылдау және танк бөлімшелерінің жеке құрамы Т-72 танкі, БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машиналарының қару-жарағынан, 122 мм минаатқыштардан, 152 мм Д-20 зеңбіректерінен, сондай-ақ, атыс қаруларынан оқ атты.

Бір апталық оқу-жаттығуда әскери қызметшілер атыс позицияларын орналастыру, оны ауыстыру, инженерлік жабдықтарымен бүркемелеу, шартты қарсыластың нысаналарын анықтау, олардың көзін жою сияқты тапсырмаларды орындады.

– Оқу-жаттығудың басты мақсаты – жеке құрамның үйлесімді іс-қимылдарына қол жеткізу, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекіту және олардың дағдылары мен іс-қимылдарын автоматизмге дейін жеткізу. Сонымен бірге, командирлердіӊ біліктілігі мен басқару тәжірибесін арттыру, дұрыс шешім қабылдауға үйрету де маңызды, – деп атап өтті бригада командирінің орынбасары, подполковник Азамат Сүлейменов.

Оқу-жаттығуға 200-ден астам әскери қызметші және 100-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатыстырылды.

Абзал САРТАЕВ,

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, майор

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы