ҚАПШАҒАЙ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ЕСЕПШОТЫ БҰҒАТТАЛДЫ. РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

Уақыты: 08.04.2022
Оқылды: 2819
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Былтыр Қапшағай қаласы әкімі орынбасарлығынан босатылған Сағдат Нұрғазиевтің қалалық әкімдікті сотқа беріп, жұмыссыз жүрген бірнеше айының өтемақысын өндіруді талап еткеніне байланысты «Қапшағай әкімі аппаратының есепшоты қарызға байланысты бұғатталды» деген тақырыппен желілік басылымдардың бірінде жарияланған ақпарат жұрт арасында алаңдаушылық туғызды. Осыған орай Қапшағай қалалық әкімдігі журналистерді жинап, арнайы брифинг өткізіп, мақала жариялағандардың ақпаратты біржақты ғана дайындағанын атап өтті.

Қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шолпан Қожабергенова, қала әкімі аппаратының жетекшісі Ертай Серікболұлы, қала әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің заңгері Ақмарал Қадыржанқызы қатысқан жиында былтыр жұмысқа ұзақ уақыт бойы шықпаған Сағдат Нұрғазиевтің қала әкімінің бұйрығымен жұмыстан босатылғаны, оған ҚР Еңбек Кодексінің 52-бабының 8-бөлімі, яғни, қызметтік орнында 3 және одан да көп сағат себепсіз болмағаны басты себеп ретінде алынғаны айтылды. Жұмысқа шықпай қалуының себебі ретінде ауырғанын алға тартқан Нұрғазиев әкелген үш анықтаманың екеуі жарамсыз екендігі белгілі болып, жұмыстан босату туралы бұйрық шығарылған. Арада үш ай өткен соң оның орнына басқа адам алынып, жұмыс ары қарай жүре берген.

Биылғы 28 ақпанда Қапшағай қалалық соты Нұрғазиевті қызметіне қайтарып, үш айлық жалақысын бірден төлеу туралы шешім шығарады. Сот шешімі орындалмағандықтан, мамандандырылған органдар қала әкімі аппаратының есепшотын бұғаттап, қаржылық операциялар жасауға тыйым салады. Одан бөлек, қалалық сот Нұрғазиевке жұмыссыз жүрген айларының өтемақысы ретінде 1 миллион 29 мың 258 теңгені төлеуді міндеттеген.

– Қалалық соттың Нұрғазиевке өтемақы төлеу және оны жұмысқа қабылдау туралы шешіміне қарсы емеспіз. Бірақ сот орындаушысы мен адвокатқа хат жазып, апелляциялық сотқа шағым беретінімізді жеткіздік. Шағымданушының орнына орынбасарлыққа алынған Б.Дүйсенбаев еңбек демалысында жүр. Жұмысқа шыққаннан кейін сот үкімін іске асыру бойынша дереу шешім қабылдаймыз. Оның үстіне әзірге өтемақы төлей қоятын қаржы қарастырылмаған. Алдағы мәслихат отырысында бюджеттен қажетті қаржы сұрастырып, сот шешімімен белгіленген өтемақыны өндіріп береміз. Әзірге, сот шешімі толық күшіне енбегендіктен істі қайта қарау үшін апелляциялық сотқа шағым түсіріп отырмыз. Одан кейінгі жағдайды сот шешеді, – деген қала әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің заңгері Ақмарал Қадыржанқызы әкім аппараты есепшотының бұғатталуы мемлекеттік мекеме жұмысына әсер етпейтінін, айлық жалақы мерзімінде берілетінін жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы