КӨЛІКТІ МАС КҮЙІНДЕ ЖҮРГІЗГЕН 340 АДАМ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 11.04.2022
Оқылды: 1037
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген 340 жүргізуші жауапқа тартылды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін жаяу жүргіншілер де көп бұзған. Оларға қатысты 9310 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, көлік жүргізушілерінің басым бөлігі алдыңғы терезені қараңғылағаны үшін жауапқа тартылған. Олардың саны - 5 мың. Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, жолда жүріп келе жатып телефонды қолданған 3 мың жүргізуші айыппұл арқалады. Сонымен қатар, 340 жүргізуші көлікті алкогольді ішімдік ішіп жүргізгені үшін жазаланды. Олардың ісі сотта қаралып, жүргізуші куәлігінен айыру және әкімшілікке қамауға алу шаралары қолданылды.

- Өңірде автокөлік қатары көбеюіне байланысты полиция тарапынан бақылау күшейтілді. Жол қозғалысына қатысушылар, мейлі, ол көлік жүргізушісі болсын, мейлі, жаяу жүргінші болсын, қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Жолда жүру ережелері қатаң сақталатын болса, жол-көлік оқиғалары азаяды. Осы арқылы адамдардың жол апатынан зардап шегуін қысқартамыз, - деді Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практикасының бастығы Саят Ибраимов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"