ЗАҢ БҰЗҒАН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ ІРІ КӨЛЕМДЕ АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Уақыты: 18.05.2022
Оқылды: 1255
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті әкімшілік сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуді басты міндеттерінің бірі ретінде қарайды.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде биылғы 17 мамырдағы жағдай бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарымен байланысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырылды.

Кәсіпкерлік қызмет саласына және басшылық тарапынан қабылданбаған шараларға байланысты 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн.теңгеден асты. Мысалы, ӘҚБтК-нің 154-бабына сәйкес тыйым салынғанына қарамастан кәсіпкерлік қызметпен айналысуына байланысты облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның кірістері тәркіленіп, 200 АЕК көлемінде (612 600 теңге) айыппұл салынды.

- Дәл осы баппен облыс бойынша 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта білім беру мекемесі басшыларының барлығына 200 АЕК, яғни, 612 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Алматы облысының 4 мекеме басшысы ӘҚБтК-нің 680-бабына сәйкес мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қолға алмағаны үшін әрқайсысына 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынды, – деді аталған департаменттің превенция басқармасының басшысы Асқар Садықов.

Осы орайда департаменттің ресми өкілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесі қолданыстағы заңнамада қарастырылған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті екенін ескертті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректері туралы белгілі болған жағдайда, азаматтардың агенттіктің тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласа алатындығын жеткізді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ