АВТОКӨЛІКТІ ОНЛАЙН ТІРКЕУ. ПОЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІМЕН МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

Уақыты: 20.05.2022
Оқылды: 1495
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлерімен жиын өткізілді.

Жиын барысында көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірі бойынша тіркеу, есепке алу және есептен шығару, сондай-ақ, көлік құралдарына нөмірлік белгілерін беру барысында туындаған өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, бүгінгі танда автокөлікті онлайн тіркеуге болатынын естеріңізге сала кетеміз.

Бұл қызмет түрі egov.kz порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн режимінде алу үшін сатушы ЭЦҚ-ны пайдаланып, egov.kz порталына кіреді. Сатылатын көлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салықтар бойынша берешекті тексеруге сұраныс жібереді.

Егер қарызы бар болса, оны электрондық үкімет порталы арқылы төлеп, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қояды. Осыдан кейін сатып алушы Электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде өтінішпен таныса алады. Онда айыппұлдарды тексеріп болғаннан кейін мемлекеттік нөмір және техпаспорт үшін тиісті алымдар мен тіркеу жарнасын төлеуі тиіс. Сатып алушы мәмілені өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен растайды. Кейін автоХҚО-ға тек дайын болған нөмір мен техникалық төлқұжатты алып кету үшін барады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"