ШОНЖЫДА БІР ОТАР ҚОЙДЫ ҚАҚҚАН МАС ЖҮРГІЗУШІГЕ СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ

Уақыты: 21.05.2022
Оқылды: 1195
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұйғыр ауданында Toyota Land cruser Prado көлігінің жүргізушісі бір мезетте 32 қойды қаққан. Оқиға "Ақсай-Шонжы-Қалжат" тас жолында болған.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы таңғы сағат 7-лер шамасында орын алған. Жүргізуші қатты жылдамдықпен келе жатып жолға шыққан бір отар қойды байқамай қалған. Сондай-ақ, ол оқиға орнынан бой тасалауды көздеген. Күдікті жылдам табылды. Оның 2018 жылы жүргізуші куәлігінен айрылғаны белгілі болды.

Ұйғыр аудандық соты оны кінәлі деп тауып, 25 күнге қамап, 9 жылға көлік жүргізуге тыйым салды. Жүргізуші өз кінәсін мойындап шығынды өтеп беруге келісімін берді.

«Көлікті 25 жастағы Талғар ауданының тұрғыны жүргізген. Оның машинаны ішімдік ішіп жүргізгені арнайы медициналық тексеру арқылы дәлелденді. Аталған фактіге сәйкес Әкімшілік кодекстің 608 және 610-баптары бойынша хаттама толтырылып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"