АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІР АЙ ІШІНДЕ БІРНЕШЕ АДАМ ЖОЛ АПАТЫНАН КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 02.06.2022
Оқылды: 1495
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында бір айдың ішінде бірнеше қылмыстық оқиға тіркелді. Сонымен бірге, жол апатынан да бірнеше адам көз жұмды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты хабарлады.

Алдымен, жол апаттарына тоқталайық. "Алматы - Өскемен" тасжолының 445 шақырымында көлік аударылып, 3 адам мерт болды. Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Сарқан ауданы аумағындағы Қойлық ауылының маңында болған. Көлікте 7 адам болған. 12 жастағы қыз бала оқиға орнында жан тапсырған, ал тағы көлік жүргізушісі мен бір жастағы сәби ауруханада қайтыс болды.

«Қайғылы жағдай 30 мамыр күні сағат 18:00 шамасында болған. Mersedes көлігі аударылған. Ішінде оның 7 адам болған. 2010 жылы туған қыз бала оқиға орында көз жұмды. Көлік жүргізуші мен бір жастағы бала ауруханада көз жұмды. Барлығы Алакөл ауданының тұрғындары», - деді аудан әкімі баспасөз қызметінің хатшысы Олжас Құрмашев.

Алматы облысында жол апатынан тағы екі ер адам қаза тапты. Тағы екеуі ауыр жарақат алды. Полиция департаментінің дерегінше, оқиға Алматы – Бішкек тас жолының 96-ншы шақырымында болған.

Куәгердің түсірген видеосынан қираған көліктер мен зардап шеккен адамдардың денесін көруге болады. Полицияның мәліметінше, Toyota Camry көлігінің 23 жастағы жүргізушісі "DAF FX" ауыр жүк көлігін басып озбақ болған. Жоғары жылдамдықпен жүк көлігіне жанасып өтіп, соның салдарынан жол бойында тұрған "Газельге" соқтығысты. Сол кезде "Газель" жүргізушісі мен жолаушысы дөңгелек ауыстырып жатқан. Оқиға болған жерде 33 жастағы Газель жүргізушісі мен 30 жастағы жолаушы қаза тапты. Жарақат алған Toyota Camry жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Жол апатына байланысты 345-бабы 4-тармағы бойынша іс қозғалды.

Қылмыстық оқиғалар бойынша, Талғар ауданының полицейлері жануарға қатыгездік жасады деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстады. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ауыл тұрғыны итін қасақана өлтіргені үшін сотталды. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы 2-бөлігі (жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қылмыстық іс қозғауға жануарларды қорғаушылардың әлеуметтік желіде жариялаған суреттері себеп болған. Қарабұлақ ауылының шетінде иттің қалдықтары табылған. Талғар аудандық полициясы осы ақпарат өлген иттің 35 жастағы иесін анықтады. Ол үй жануарын өлтіргенін мойындады», - делінген ПД хабарламасында.

Ұсталған азамат өз итін майын алу үшін сойғанын, оны емдік мақсатта пайдаланбақ болғанын айтқан. ҚР заңнамасына сәйкес, күдіктіге ірі көлемде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына жегіледі, сондай-ақ елу тәулікке дейін қамауға алынады.

Талдықорғанда да қылмыс тіркелді. Масаң күйдегі фермер қол астындағы жұмыскерін сабап тастады. Оған дейін көлікпен қағып, үстінен басып өткен. Полиция 43 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбір көрген ер адам фермада отбасымен бірге тұрған. Ол кәсіпкердің малын бақты. 2 мамыр күні екеуі сөзге келіп қалды.

Жанжалдан кейін бақташы әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балаларын алып, фермадан кетемін деп шықты. Сол кезде күдікті оны Lexus-470 көлігімен қуып барған. Фермер оны көлігімен басып өтті деген күдік бар. Одан кейін шығып, тағы ағаш таяқпен ұрған. Дәрігерлер гемопневмоторакс анықтады. Ондайда адамның кеудесінде қан жиналып қалады. Бұдан бөлек, тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған. Оны облыстық ауруханаға жатқызды.

"Күдікті қамауға алынды. Медициналық сараптама оның жеңіл түрде мас болғанын көрсетті", - дейді полицейлер.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"