ОТАНШЫЛДЫҚ РУХ СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1367
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытбек СМАҒҰЛ Шелек ауылының жұртшылығымен кездесіп, естелікке кітабын таратты. Ауыл тұрғындары қатысқан шарада Шелек ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Әбілбек ақсақал бата беріп, алыстан ат арытып келген қонаққа көпшілік қауымның атынан рахмет айтты.

Кездесуде еліміздің болашағы жастардың тәлім-тәрбиесі, тәуелсіз Қазақстанның келешегі жарқын болуы, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен таныстырудың маңызы сынды мәселелер айтылып, жасөспірімдердің білім алу жолындағы ізденісі текке кетпейтіні нақты мысалдармен әңгімеленді. Өз өмірінен сыр шерте отырып Бақытбек Смағұл мемлекетшілдік, отаншылдық рухта тәрбие берудің маңызын атап өтті.
Жиын соңында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесіне жергілікті жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, лайықты жауап алды.
Одан соң Шелек ауылдық мұражайын аралаған халық қалаулысы Шелек политехникалық колледжіне барып ұстаздар қауымымен, соғыс және еңбек ардагерлерімен жүздесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Колледжді аралап шыққан Бақытбек Смағұл өзінің кәсіптік мектептің түлегі болғанын айтты.

 Әсет Алжанбай, 
зейнеткер, запастағы капитан