САЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯСЫН КЕШІКТІРГЕНДЕРГЕ ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Уақыты: 05.08.2022
Оқылды: 2467
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде декларацияны толық емес немесе кешіктіріп тапсырудың салдары қандай болатыны түсіндірілді.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінде бастапқы салық декларациясы мерзімінде табыс етілмесе салық органдары бірінші рет ескертумен шектелетіні белгіленген. Ескерту жасалғаннан кейін жеке тұлға тарапынан 1 жыл ішінде қайталап заңбұзушылық орын алған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, бұл бүгінгі күні 45 945 теңгені құрайды.

Егер декларацияда салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге әкеп соқпайтын толық және дұрыс емес мәліметтер қамтылса, онда салық органдары да бірінші рет ескертумен шектеледі. Ескертуден кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үш АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

Салықтарды есептеуге әкеп соғатын салық салу объектілерін жасырған жағдайда, жасырылған салық салу объектісі бойынша төленуге жататын салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде және мұндай заңбұзушылық қайталанса, 300 пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген. Бұл шара жеке тұлғалар хабарлама берген кезде салық міндеттемелерін орындамаса және салықтық тексеру жүргізілсе қолданылады. Заңбұзушылықты өз бетінше жою кезінде айыппұлдар салынбайды.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдарға қатысты өткен жылы шілдеден бастап Қазақстаннан тыс жерде орналасқан шетелдік банктерде қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға, шоттар (салымдар) ашуға және иеленуге тыйым салынғанын еске саламыз. Көрсетілген міндеттемелерді орындамау олардың мемлекеттік қызметті немесе өзге де тиісті қызметті тоқтатуы үшін негіз болып табылады.

Кірісі мен мүлкі туралы декларация қағаз түрінде 15 шілдеден кейін қабылданбайды, ал электрондық түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыруға болады.

Салық есептілігін ұсыну және толтыру тәртібі туралы толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан, сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz және Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің сайтынан алуға болады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ