ТАЛҒАРДА ҮШ БАЛА ЖОҒАЛЫП КЕТІП, БІР КҮННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 26.10.2022
Оқылды: 2456
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында жоғалған балалар бір тәулік ішінде табылды. Олар үйінен 12 шақырым жерде орналасқан өзге ауылдық округ аумағында жүрген.

«25 қазанда түнгі сағат 23:45-те Талғар аудандық полиция бөлімінің пультіне жергілікті тұрғыннан кәмелетке толмаған балаларды іздестіруге жәрдем көрсету туралы хабарлама түсті. Анасы сол күні таңертең, шамамен сағат 10:30-да алты жасар ұлы, ағайындары – 11 жастағы ұл және 13 жастағы қызбен үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Кәмелетке толмағандарды іздестіруге өңірдің жеке құрамы дереу бағытталды және полицияның барлық кешенді күштері мен нарядтарына бағдарлар жіберілді. Алматы облысы полиция департаменті бастығының жеке бақылауында болған іздеу іс-шараларына еріктілер де қосылды. Кәмелетке толмағандар тәулік ішінде Бесағаш ауылынан 12 шақырым жерден табылды. Бесқайнар ауылдық округінің таулы жеріндегі «Табаған» маңынан жергілікті тұрғын тапты. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған балалар үйлеріне аман-есен оралды», - делінген Алматы облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін 14 жасар бала жоғалғаны туралы ақпарат тараған еді. Баланың жоғалғанына 10 шақты күн болған. Бұл оқиға да Талғар ауданында тіркелген.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"