ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ ҚОНАЕВҚА КЕЛІП, ХАЛЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 28.11.2022
Оқылды: 1460
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Әділет министрі Қанат МУСИН Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында халықпен кездесу өткізді. Ол өз сөзінде әділет саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, осы орайда көпшіліктің ой-пікірін біліп, ұсынысын тыңдау мақсатында көпшілікпен жүздесіп отырғанын жеткізді.

Қанат Сергейұлы жуырда өткен Президент сайлауы еліміз үшін жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті. 1 қаңтардан конституциялық сот жұмысын бастайтынын, бұл мүлдем жаңа құрылым екенін, оған қарапайым азаматтар жүгінетінін, сот ісінде нормативтік-құқықтық актілер дұрыс қолданылмаған жағдайда осы жаңа жүйе бойынша шағымдануға болатынын айтты.

Министр «Нотариат туралы» Заңға қатысты енгізілген түзетулерге де тоқталды. Жылжымайтын мүлікті ресімдеу жеңілдетілгенін, енді нотариус арқылы екі-ақ сағатта үйді өз атына аударуға болатынын тілге тиек етті.

Өз сөзінде министр АХАЖ саласындағы рәсімді жеңілдету аясында некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанын атап өтті. «Электрондық үкімет» және  «eGovmobile» порталы арқылы туу туралы, неке туралы және қайтыс болғаны туралы куәлікті электронды түрде алуға мүмкіндік барын, мәселен, баланың туу туралы куәлігі ешбір мекемеге бармастан автоматты түрде жасалатынын, ол үшін ұялы телефонға смс-хабарлама келетінін, куәлік жасату әке-шешсінің ЖСН номері арқылы жүзеге асатынын түсіндіріп берді.

- Биыл «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, 1 және 2 санаттағы мүгедектерге, зейнеткерлерге тегін заң көмегі көрсетіледі. Осы жылдың 10 айында Алматы облысында 6,5 мың азамат тегін заң көмегіне жүгінді.

Алматы облысы бойынша 15 мемлекеттік және 152 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Бүгінгі  дейін олар өндіріп алу бойынша 753 мың іс қараған, оның 259 мыңы орындалған. Мұның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды. Алматы облысы бойынша 17 мыңнан астам іс бар. Бұл ретте жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, балаларына көмектесуден әдейі жалтарады немесе өз мүлкін жасырады. Алимент өндіріп алу бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шаралар қабылдауға мәжбүр. Кейбір жағдайда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғады. Осыған байланысты өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді, – деді министр.

Қанат Сергейұлы Әділет министрлігінің 119 нөмірлі тәулік бойғы құқықтық ақпараттық қызметі жұмыс істейтінін, ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беретінін айта кетті.

Өз кезегінде тұрғындар министрге сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды. Халықпен жүздесуден кейін Қанат Мусин облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы