25 жастағы есірткі сатушы 10 жылға сотталды

Уақыты: 19.05.2023
Оқылды: 1110
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында синтетикалық етірткі сатушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жастағы есірткі сатушы бірнеше ай бұрын Көксу ауданында «Алматы-Өскемен» автожолында ұсталған болатын. Жеке тексеру, сондай-ақ, күдіктінің тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту кезінде 2,5 келіден астам түрлі синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, ұсталған адамнан әртүрлі буып-түйгіш материалдар, таразылар және басқа да заттар табылды.

Жас жігіт интернет желісінде синтетикалық есірткіні «жасырын тығушы» ретінде жұмыс істегендігі, оны Талдықорған қаласы мен оның маңында сатқандығы белгілі болды.

«Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен күдікті ҚР ҚК-нің 297-бабы үшінші бөлігінің 1,2,3,5-тармақтарында (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейді», – деді Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Биыл облыстық полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты 60 күдіктіні ұстап, заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткіні тәркіледі.

Фото: ашық дереккөзден