Текеліде полицейлерден жалтармақ болған азамат жауапқа тартылды

Уақыты: 07.06.2023
Оқылды: 775
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Текеліде полицейлерден жалтармақ болған азамат жауапқа тартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz сайтының ақпаратына сүйеніп.

Мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен Текелі қаласының 24 жастағы тұрғыны әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынып, жүргізуші куәлігінен айырылды. Mitsubishi Delica көлігін тізгіндеген ер адам 3 маусым күні Текелі қаласында мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған болатын.

Жүргізуші тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын елемей, үлкен жылдамдықпен жасырынуға тырысты. Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті қуып жетіп, табельдік Макаров пистолетінен көліктің дөңгелегіне оқ атып, тоқтатуға мәжбүр болды.

ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) құқық бұзушы 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулік қамауда болады. Бұдан басқа, соттың қаулысымен оған ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабына (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) сәйкес 30 АЕК сомасында әкімшілік айыппұл салынды.

Тағы оқыңыз: Текеліде полицейлер мас жүргізуші мінген көлікті оқ атып тоқтатты.

Сурет ғаламтордан алынды