КӨШЕ КЕЗЕМ ДЕП ЖҮГЕНСІЗ КЕТПЕСІН

Уақыты: 18.11.2023
Оқылды: 507
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Балам үйде, қылығы түзде» демекші, қазір кейбір ата-ана өз балаларының немен айналысып жүргенінен бейхабар. Бүгінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар белең алуда. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарының тарапынан түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Тәулік бойы тыным таппай, кәмелетке толмағандардың ісімен айналысып жүрген қалалық ювеналды полиция қызметкерлері жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд өткізді.

Биыл жаңа жылдан бері жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында ювеналдық полиция бөлімшелері 555 рейдтік іс-шара өткізген. Оының нәтижесінде балалардың түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда заңды өкілдерісіз болуының 39 дерегі анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Балаларын тәрбиелеу, асырау және оқыту бойынша өздерінің ата-аналық міндеттерін тиісті орындамағандары үшін, әкімшілік жауапкершілікке 193 заңды өкіл тартылыпты. Бұл дегеніміз ата-ана тарапынан балаға қажетті назардың болмауынан. Оған қоса балалардың электронды темекіге әуестенгенін, ішімдік ішіп жүргенін байқауға болады. Әке-шеше жұмыстан кейінгі уақытын баласына, үй жағдайына арнауы тиіс. Баланың жастайынан құлағына құйып, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізу қажет. Ерте жүктілік, есірткіге әуестік, лудомания сынды арылмас дерттер осы жасөспірім шақтан басталады. Сол себепті қызға анасы, балаға әкесі өз ақылын айта отырып, шектен тыс еркіндік бермеуі керек.

Қаламызда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселесі ұдайы бақылауда және профилактикалық жұмыс жалғасып жатыр. 10 айлық көрсеткіш бойынша жасөспірімдердің мас күйіне жеткізудің 4 дерегі анықталса, 21 жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын сатқаны үшін 11 құқық бұзушылық анықталыпты. Ал балаларды уақытша оқшаулау орталығына 104 кәмелетке толмаған бала жеткізілген. Олардың 55-сі қадағалаусыз және панасыз, 47-сі ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың қамқорлығынсыз қалғандар.

Облысымызда жасөспірімдердің арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға бағынушылықты қалыптастыру мақсатында білім беру мекемелерінде құқықтық тақырыпта 4883 дәрістік шара өткізілген. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғатын қылмысқа ата-аналардың көңілін аудару мақсатында, жыл басынан білім басқармасымен бірлесіп, облыс аумағында ата-аналар комитеттерінің төрағалары, мектеп және колледж директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтардың қатысуымен 400 арнайы семинар өткізіліп, балаларға қатысты жасалған жыныстық қылмыстардың және суицидтердің себептері мен жағдайлары тақырып толғамына айналған. Статистикаға сәйкес, осы жылдың өткен мерзімінде кәмелетке толмағандармен жасалған 19 қылмыс дерегі тіркелген.

Көп жағдайда ата-ана бала-шағасының қамымен жүріп олардың тәрбиесіне мән бермей жатады. Сол себептен балалар үйден ала алмаған жылуылықтың түрлі амалын көшеден іздейді. Бірақ, олар сол дүниемен өз өмірлеріне балта шауып алуы мүмкін екенін ойламайды да. Мысалы, түнгі 23:00-ден кейін көшеде баланың жүруі ол заңға қайшы. Алайда, мектеп оқушыларының кейбіреуі бұл уақытта көшеде, компьютерлік клубта, не болмаса түнгі клубтарда жүреді. Бұрын түнгі уақытта тек ұлдарды ғана көретін едік. Қазір түн жарымда көше кезген оқушы қыздардың да қарасы көбейіп келеді.  Бұл тәрбиенің ақсап, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның» жоқтығынан. Өзіміз естіп, көріп жүргендей адам шошырлық зорлық-зомбылық, адам өлтіру фактілері бойынша елімізде түрлі жағдайлар орын алуда. Ал бұндай қылмыста көбінесе жәбірленуші тарап жасөспірімдер мен балалар. Олардың беймезгіл уақытта қараусыз далада жүргеніне ата-анасынан басқа ешкім жауапты емес. Соның салдарынан қаршадайынан қылмыстық оқиғаның кейіпкеріне айналуда. Балаға үй жағдайында назар аударып, оның психологиялық мінез-құлқына, іс-әрекеттеріне мән беру қажет.

Тәртіпке бағынған құл болмайды. Ата-ана үшін бала тәрбиесі ең үлкен жауапкершілік. Сондықтан балалардың түнгі уақытта жалғыз өзі жүрмеуін ата-аналар қатаң қадағалауы тиіс. Мінеосындай деректерді алға тарта келе әрбір ата-ана ұлт болашағына пейіл білдірсе екен дейміз. Боз бала мен бойжеткендеріміз түнгі рейдке ілінбей, тағдыры бүлінбей, ел сенімін, ата-ана үмітін ақтаса игі еді. Ал, ол үшін әрбір заңды тұлға тәрбиеге мән беріп, жас өскіннің жарқын шағына тәлімнің таза шырынын ұсынуы керек-ақ!

Айғаным АЙТМҰХАН