БАСКЕСЕРЛЕР БӘСІ

Уақыты: 10.02.2018
Оқылды: 1514
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

      Еденге тамшылап аққан қанның іздері кіреберістен төрге жол салып жатыр. Сол ізді қуалап аңдап басып, сақ қимылдап Арнұр келеді. Қолында тапанша. Бөлек дыбыс, оғаш қимыл көрінсе сол құрғырмен  бір атып сұлатпақ. Қобалжу да жоқ емес. Қан ізі төрдегі қабырғада аяқталып, жоғарлай өрлепті. Ірге тұс қанға шылқып жатыр. Көзі жоғары тастап еді бұрын үйдің сәнін кіргізіп тұратын мүйізі салалы бұғының орнында жары Гүлзайраның денесінен ажыратып алған басы ілулі тұр. Көп уақыт болғаннан кейін бе, қан әлсін ғана тамшылайды. Таңырқап тұрғанда ту сыртынан жауырынына жалпақтығы адамның алақанындай пышақ «кірш» етіп кіріп-шықты. Арнұр сұлқ құлады...


    Тоқсаныншы жылдар. Ел іші азан-қазан болып, кімнің жау, кімнің дос екенін ажырату қиынға түскен сәт. Ақылы бар, еңбекқор азаматтар жеке кәсіппен айналысып, келешегі үшін іске кірісіп жатқанда, бәзбіреулер аяқты аспанға көтеріп қойып, ел ішіне іріткі салып, әлсізді билеп-төстеп, халықтың балағынан алып, төсіне шабуды, ақыл айтып, күрзі жұдырығымен жалпақ жұртқа билік құруды мақсат тұтты. Ұйымдасқан қылмыстар саны күрт артты. Осы тұста кәсібін ілгерілету үшін кей азаматтар қоқан-лоқы көрсететіндердің алдын алып, өздеріне қорған болатын, біреу тиіссе жауап бере алатын «крышаларды» жалдады, болмаса «крышалар» өздері жалданды. 
    Екі-үш адам бірелесе қалса тәртіп сақшылары алакөзденіп күдікпен қарап, сол ортаны айналсоқтап тың тыңдап, шолып жүреді. Бұл торуыл күбірлесіп жиналып тұрғандарға да ұнамайды. Ертай – бұл ауданның басты адамы. Сақшылардың тізіміне еніп, алып шаһарды шулатып, бір-екі мәрте істі болып, темір тордың артына «әне кетеді, міне кетеді» дегенде алдарынан ұшырасып, амандасып өтетін. Сақшылар да бас шайқаумен болады. Ауданда бір оқиға болса сақшылар жеделдетіп бірден Ертайдың үйіне баратын. Кей күндері жоқ болады, кей сәттері есінеп-құсынап ұйқысын аша алмай тұрған кейіпте күтіп алатын. Жоқ болса тергеп, оқиға уақыттарымен салыстырып, төрт-бес парақ қағаз толтырылып, қол қоюға дейін баратын. Ертайдың сұсынан айналасындағылар қорқады. Аудандағы сақшылық бөлімге келгеніне көп болмаса да, тәжірибесі толысқандардан асып түсіп, атақ-абыройға кенеліп жүрген Арнұр осы істі қарап, Ертайды көзінен таса қылмаған. Бір бәлекет орын алса жүрек жұ-  тып Ертайға баратын да сол. 
     Алып шаһардағы мөлтек ауданда жұмысы жүріп, ісі алға басып келе жатқан кәсіпкердің өлімі тіркелді. Иықтан атып, бауыр тұсында пышақ жүзінің ізі қалған. Күдіктілер тізіміне кірген Ертайдың қатысы жоқтығы анықталып, тергеу жұмыстарынан босатылды. Бұл туралы істі қараған Арнұр мәлімдеген. Ол бұл іске келгенде белсенді. Ауданға жауап беретін сақшы ғана емес, толықтай істі қарап жүргендермен араласып, Ертайды қатты қадағалап, шамасы келсе темір торға қаматқысы-ақ келді. 
– Кәсіпкер ауылдасым еді, сол үшін, – деп бір тебіренді Арнұр. Ертай да көрсе қабағын түйіп, аса ұнатпайтын. Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр, кәсіпкер Алтайды өлтіргендер әлі құрықталған жоқ. 
Арада бір жыл уақыт өткенде беделге ие болып, қызметі жоғарылап келе жатқан капитан Шәріптің сүйегі өзен жағасынан табылды. Осы тұста Арнұр да өзіне өлімнің келе жатқанын біліп, жұтынып, сақ қимылдауға көшкен. Ертайды көрсе көз қиығымен, ойлы көзімен терең әрі ұзақ қарап сырын ұғуға тырысатын. – Осы бір іс болса неге маған келесіңдер? Иә, тоқсаныншы жылдардың басында төбелеске жиі араластым, топ болып айқасқанда адам өлімі де тіркелді. Мен сол бір кездерден кейін қойғанмын, – деп қос қолын көтеріп, өзінің ақ әрі пәк екенін білдіретін. Арнұр сенбейді. 
     Ізін суытып үлгеретін қандыгөй баскесерді ұстау қиынға түсті. Кәсіпкерге қатысты, Шәріпке байланысты істердің нәтижесі жылт етіп шықса, Ертай қыпылықтайды. Осы істің барлығын жасаған өзі. Бірақ әзірге тергеу жұмыстары Ертайға жөнді жеткен жоқ. Арнұрдың да жүгіріп жүргені өтірік. Ертай сол сақшының жалдамалы адамына айналып, тапсырған кісілерінің көзін жойып отырған. Ауылдасы кәсіпкер Алтайдың байлығы көзіне шыққан сүйелдей болса, Шәріптің шені өсіп, жоғарылап бара жатқаны Арнұрдың қитығына тиген. Қолында бума-бума қағазы бар Арнұр бірде Ертайға келіп әңгімені ашық айтқан. Дәлел мен деректердің толық екендігін, оқиғалар бойынша аз дегенде сегіз-тоғыз жылды темір тордың артында өткізетінін де жеткізген. Оның үстіне өзіне кедергі келтіргендерді жолынан шығарып отырса, үстемелеп ақша беріп, сый-сияпат та көрсетіп, қылмысқа қатысты құжаттарды өзі алып, жыртып отырған. Қылмыскердің кең құрыққа ілікпей жүргені де содан. Арнайы бөлімдер қылмысты зерттеумен айналыса бастағанда Арнұрға ауа жетпей қалды. Олар да істің ұшын, түйінін таба алмай жатыр, тура түссе сол жерден ары қарай іс сөгіліп жүре береді. 
    Түнделетіп, көше бойлап артына жалтақ-жалтақ қарап, ширақ қимылдап Арнұр келеді. Көше басында күтіп тұрған Хамитке Ертайдың суретін көрсетіп, оң алақанын жазып, қырымен кеңірдегін сызып, «өлтіру керек» деген ишара білдірді. Бет-әлпеті сұсты, дауысы жуан Хамит көзімен Арнұрға бір қарап, басын баяу ғана изеді. Тас қараңғыда жолыққан екеу келген жолдарымен қайта кетті. Бұл тұста Ертай Хамитты іздеп жүрген. 
    Баскесерлер екеу жолықты. Арнұр екеуіне де осыған дейінгі ақшадан көп мөлшерде қаржы беріп, бірін-бірін өлтіру үшін тапсырма берген.
    Кешкілік жұмыстан Арнұр үйіне келді. Босағадан төрге дейін тамшылап аққан қанды көрді. Қолына тапанша алып, сол ізді қуалай барлап еді... 
    Анықталғандай Хамит те осы Арнұрдың бұйрығымен, жалдауымен үш адамды өлтірген. Оған да тиісті қаржысын беріп отырған. Ал баскесер болған Хамит пен Ертайды бірін-бірі өлтіруге бұйрық беріп, қылмыстарының шеті ашылып, деректер мен дәлелдер шыға бастағанда екеуінен де құтылуды ойлаған. Шені өссе де, осы істің арқасында байып, байлығы төгіліп, сыртқы есігін ашса, ашқан адамды ағызып алып кететіндей болса да осы қаскөйліктің арқасы! Хамит пен Ертай ұсталып, кінәларын толық мойындады. Бүгінде темір торда жазаларын өтеп жатыр. Бірін-бірі көргенде кімнің жібергенін анықтап, соның отбасын талқандауды ойлап, ерлі-зайыптылардың басын ортаға бәске қояды. Арнұрдың үйреткен жолымен жүріп, мәреде күтіп тұрған өзін талқандап өтті.           
Бастары денесінен ажыратылған ерлі-зайыптыларды жер өз қойнына алды...

Серік ҚАНТАЙ.