Аудандық Мәдениет үйінде «Азаматтық бірегейлікті нығайту», «Заң және тәртіп» деген тақырыптарда өңір активінің жиналысы өтті. Оған аудандық құқық қорғау органдарының, білім беру мекемелерінің басшылары, депутаттар, діни бірлестік, этно-мәдени орталықтардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, округ әкімдері қатысты.
Ауқымды басқосудың мақсат-мүддесін түсіндірген Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің деңгейін саралап, басқосудың мақсаты – бүгінгі жастар тәрбиесі және құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу екенін айтты.
Шарада криминогендік ахуалдың жалпы сипаттамасы жайлы баяндама жасаған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Кусембаев жалпы қылмыстың тіркелуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,8 пайызға төмендегенін, тіркелген қылмыстың ашылу көрсеткіші 67,4 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда азайғанын атап өтті. Дегенмен, ауданда мал ұрлығы, бұзақылық сияқты қылмыстың саны айтарлықтай артыпты.
Атап айтқанда, биыл өңірде кәмелетке толмағандар арасында 4 қылмыс дерегі тіркеліпті. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ювеналдық полиция қызметкерлері түнделетіп қоғамдық орындарға, ойын-сауық кешендеріне тексерулер ұйымдастырып келеді. Осындай пәрменді шаралар білім беру мекемелерінде де жандана түсті. Бірақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың көлік тізгіндеп, жол оқиғасына себепкер болуына жол бермеу мәселесі ерекше бақылауды қажет етеді. Былтыр жолдағы көлік оқиғасынан ауданда 38 жеткіншек түрлі жарақат алып, кәмелетке толмаған 3 бала қаза тапқан.
Одан кейін оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндаған аудандық білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейітқожаев өңірдегі 45 орта, 1 негізгі, 4 бастауыш мектепте 3063 ұстаз еңбек ететінін, 27166 оқушы білім алатынын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке жасы толмағандар жасайтын қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осыған орай қоғамдық ортада құқықбұзушылықтың алдын алудың кешенді жоспарын іске асыру бойынша арнайы шаралар жүйелі жүзеге асырылып отыр.
Жиында аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов, аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Азат Гайтов сөз сөйлеп, көтерілген мәселелерді шешудің жолдары жөнінде өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы