"УАҚЫТ КАПСУЛАСЫ" ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 16.06.2024
Оқылды: 331
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов аудандық шегара басқармасының құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.


Жиында «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, запастағы генерал-майор Мұхтар Сабидолданов сөз алып, жұртшылықты ғасырлық тойларымен құттықтап, сарбаздардың жауынгерлік қызметтеріне толағай табыс тіледі. Өз кезегінде ҚР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Марат Нарбаев ел шебін қырағы күзетіп жүрген шегара сақшыларының қызметін жоғары бағалап, ақжарма тілегін ақтарды. 

Шара барысында Президенттің, ҰҚК төрағасының, ҰҚК төрағасының орынбасары шегара қызметі директорының, Жетісу облысы бойынша департаменті бастығының және облыс әкімінің атынан жеке құрам қызметкерлеріне Алғыс хат пен Құрмет грамоталары, естелік сыйлықтар, мерейтойлық медаль табысталды.
Осыдан кейін тарихи сәттің куәсі болып, «Уақыт капсуласын» салу рәсіміне қатыстық. Алдымен «Болашақ ұрпаққа аманат» хатына полковниктер Марат Нарбаев пен ардагер Тоқтарбай Керімқұлов қол қойды. Маңызды құжатты ең соңында Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының бастығы, полковник Берік Бұзаушиев мөр басып бекітті. «Уақыт капсуласын» қою рәсімі жеке құрамның салтанатты шеруімен және қонақтардың естелікке арналған фотосессиясымен аяқталды. 

 ӨЗ ТІЛШІМІЗ