ЖОЛДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ

Уақыты: 17.06.2024
Оқылды: 450
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтті. Шараның негізгі мақсаты – халыққа құқықтық көмек көрсете отырып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын, сондай-ақ, олардың полиция қызметкерлеріне деген сенімін арттыру. 


Аталмыш акцияға Жетісу облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдарының басқармасы, «ҚазАвтоЖол», ҰК АҚ ЖОФ, ҚР Сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  облыс бойынша департаментінің превенция басқармасының жауапты өкілдері атсалысты. Олар Алматы – Өскемен тасжолы бойында азаматтарды жеке қабылдап, cұрақтарына тікелей жауап берді. Сонымен қатар, жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздік туралы пайдалы ақпарат қамтылған брошюралар таратылды.

– Қазір заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Қарапайым халықтан сұрақ көптеп түсіп, алаңдатқан мәселелерін ешқандай жазылусыз тікелей өзімізден сұрап, жауап алып жатыр. Өңірімізде жол-көлік оқиғаларының саны артуда. Оған басты себеп, жылдамдықты арттыру, рұқсат етілмеген жерлерден өту, түнгі уақытта рөлде ұйықтап кету. Осындай келеңсіз жайттар орын алмас үшін біз түсіндірме жұмысын жүргізудеміз, – деді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жасұлан Байкенов.

                            Аяулым ШЫНГАЕВА,  
ЖУ білімгері