БАСТЫ МАҚСАТ – КӘСІБИЛІК ПЕН ПАТРИОТИЗМДІ ҮЙЛЕСТІРУ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 265
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ Ұлттық құрылтай отырысында: «Мемлекеттік қызметкер азаматтардың сенімі мен құрметіне ие болу үшін шынайылықпен және адал ниетпен жұмыс істеп, өздерінде негізгі екі қасиет – кәсібилік пен патриотизмді үйлестіруі тиіс», – деген еді.  Әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы, адалдығы мен әділдігі.


Өткен жылы жалпыға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақ-станды құру үшін қабылданған жүйелі реформалар бүгінде жүзеге асырылып, өз жалғасын тауып келеді. Жетісу облысында да ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты, олардың қорытындысы бойынша өткен жылы 35, ал осы уақытқа дейін 12 ауылдық округтің әкімі сайланды. Сондай-ақ, Сарқан және Кербұлақ аудандары әкімдерінің сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өтті.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес дәл қазіргі уақытта облыстарда өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу кезеңдері жүріп жатыр. Осы жылдың 1 наурызында бастау алған жобаға Жетісу облысынан 300-ге жуық азамат өтінім білдірді. Қорытындысы тамыз айының аяғында анықталып, резервке біздің облыста 20 азамат енгізілді. Мемлекет басшысы Жолдауындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігін толыққанды стратегиялық HR-институт етіп қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік басқару академиясының құрамында Адам ресурстарын басқару институты (HR-институт) құрылды. Ол өз жұмысын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастады. 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: құзыреттерді бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу және ақпараттық жүйені сүйемелдеу.

2023 жылы мемлекеттік қызметке түсу рәсімін цифрландыру шеңберінде республика бойынша 6 мемлекеттік органда eqyzmet.gov.kz порталы арқылы жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу жүргізілуде. Жаңа формат мемлекеттік қызметке іріктеу процесіне барынша жеңілдетілген тәсілді көздейді. Осылайша, азаматтар конкурсқа кез келген ыңғайлы уақытта (24/7) және әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан қатыса алады. Мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында конкурс кезеңдерінен өту кезінде кандидаттарды оларға ID-нөмірлер беру арқылы иесіздендіру көзделген. 

Жетісу облысындағы мемлекеттік қызметкерлердің штат саны 3672, нақты саны 3392 адамды құрайды. Облысымызда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 52,1%, оның ішінде әртүрлі санаттағы басшылық лауазымдарда 26% нәзік жанды еңбек етуде. Мемлекеттік қызметтегі жоғары білімі бар қызметшілердің үлесі 92,3%. Облыста «Болашақ» бағдарламасының 1 түлегі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 10 түлегі қызмет етеді. Президенттік жастар кадр резервінен 1 азамат басшылық лауазымға тағайындалды.

Өткен жылы тиімділікті өлшеудің құралдарын пайдалана отырып, «Б» корпусы қызметшілерінің тоқсан сайынғы жаңа бағалауы енгізілді. Ендігі кезекте, бағалаудың тиімді нәтижелері – ауысу тәртібімен мансаптық ілгерілеуіне де мүмкіндік берді. Былтырғы жылдан бері төрт тоқсан қатарынан міндетін тиісті деңгейде орындаған 8 қызметкер жоғары тұрған бос лауазымдарға тағайындалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде  жоғары үлгерімін көрсеткен және грант бойынша білім алған жоғары оқу орындарының түлектерінің аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға тікелей тағайындау арқылы мемлекеттік қызметке кіру тәртібі жеңілдетілген. Нәтижесінде, өткен жылдан бері Жетісу облысында конкурстық іріктеусіз GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары, мемлекеттік грантпен оқуды аяқтаған 12 жастүлек мемлекеттік қызметке қабылданды. 

Елдің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын дамытатын – мемлекеттік қызметкер. Сондықтан, өз өлкеміздің әділетті өсіп-өркендеуі, дамуы үшін патриоттық сезіммен, барынша аянбай адал қызмет етудеміз. Дәл осы қағиданы қатаң ұстап, ұлтжандылықпен ел қамы үшін қызмет етіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметкерге алғыс білдіріп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін.

Қобылан МАНАП,
Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері 
агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің
 басшысы