ҚАҺАРМАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 440
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғам тыныштығын күзету – полиция қызметкерлеріне жүктелген жауапты міндет. Облыста күн-түн демей, ауа райының ыстық-суығына қарамай халыққа қызмет етіп, адам өмірінің арашашысы болып, ерлігімен танылған полиция қызметкерлері жетіп артылады. Полиция қызметкерлері күні қарсаңында ерен ерлігімен танылған тәртіп сақшылары жайлы жазуды жөн көрдік.


Адам жанының арашашысы болған қызметкерлердің бірі – Талдықорған қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Базарбаев пен Диас Омаров. 

Былтыр 2-қазанда Талдықорған қаласын патрульдеу кезінде «Бүркіт-164» экипажының қызметкерлері Данияр Базарбаев пен Диас Омаров тосын оқиғаның куәсі болады. Сағат таңғы 4-ке таман өздеріне бекітілген аймақты аралап жүрген тәртіп сақшылары Сырттанов көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан «Жанна» дүкенінің өртеніп жатқанын байқайды. Тосыннан келген өрт оқиғасы кезінде тосылып қалмаған қызметкерлер дереу төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, өрт сөндірушілердің келгенін күтпей, ыс пен өртті елемей тұрғындарды эвакуациялауға кіріседі. Тілсіз жау 2-қабатты да шарпып бара жатқандықтан полиция қызметкерлері терезеден екінші қабаттағы үйге кіреді. Тәртіп сақшылары талықсып жатқан жасы алпыстан асқан қарт пен студент қызды сыртқа көтеріп шығады. Осыдан кейін олар үй ішінде екі газ баллонының тұрғанын көреді. Әлбетте, оны уақтылы шығармағанда алапат жарылыс болар еді. Әйтсе де полиция қызметкері баллондарды сыртқа алып шығып, қауіптің бетін қайтарады. Тілсіз жаудың қаупінен адамдарды құтқарған полиция қызметкерлерінің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Олар ҚР Президентінің Жарлығымен Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі Айбын орденімен марапатталады. 

Ерлігі еленген батырлардың бірі – Текелі қаласы ПБ патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Бауыржан Нұрмұхаметов пен полиция лейтенанты Бауыржан Қабидолланов. Олар 2021 жылдың 16 мамырында түнгі сағат 1.30 шамасында Текелі қаласы ПБ кезекші бөліміне Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінің есігінен қатты түтін мен өткір иіс шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі. Хабарламаны ести сала 312 бортындағы инспекторлар Бауыржан Ерғалиұлы мен Бауыржан Ерланұлы дереу оқиға орнына барады. Төтенше жағдай орнына келген бойда патрульдік полицейлер көпқабатты үйдің 2-қабатында лапылдап жанып жатқан отты көреді. Үйдің дәлізі көк түтін болып жатқан соң қызметкерлер алдымен жақын маңдағы тұрғын үйлерден шығып жатқан тұрғындарды эвакуациялайды. Маңайдағы көршілер ол үйде қарт кісі немерелерімен тұратынын айтады. Жарық қосып жүріп, ас бөлменің еденінде ес-түссіз жатқан 65 жастағы қарияны көріп, далаға алып шығады. Осы кезде «Жедел жәрдем» көлігі де келіп, дәрігерлер газдан уланған атаны ауруханаға жеткізеді. 

Сын сағатта мүдіріп қалмай шұғыл әрекет ете білген қос қаһарманның ерен ерлігі еленіп, ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ