ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ

Уақыты: 23.06.2024
Оқылды: 457
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күрес жүргізу барысында полицейлердің алатын орны ерекше. Ішкі істер органдары ауыртпалыққа толы жұмысты абыроймен атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп келеді. Ел тыныштығын қорғап, міндетін мінсіз атқарып жүрген қырандай қырағы тәртіп сақшыларының бірі – Жеңіс Аблакимов. 


Ол ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті Үштөбе стансысындағы желілік полиция бөлімі, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі. Полиция аға лейтенантының 10 жылға жуық еңбек өтілі бар. Жеңіс тәртіп сақшысы болуды бала күнінен армандаған. Алматы шаһарындағы Есболатов атындағы ҚР ІІМ академиясына оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Осылайша 2014 жылы айбынды тәртіп сақшыларының қатарына қосылады. 

Үштөбе стансысындағы желілік полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Маулен Солтановтың айтуынша, біздің кейіпкер өте еңбекқор. Жұмыстарының аса жауапкершілікті талап ететінін айтады. 

– Жұмысымыз қауырт. Өйткені шақырту түсе қалған сәтте лезде оқиға орнында болу керек. Жедел тергеу тобымен бірге жүктелген міндетті атқарамыз. Жүк құрамы, пойыз, әуежайлардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Қылмыстардың алдын алып,болдырмауға қарекет қыламыз. Көші-қон полициясымен бірлесе заң бойынша азаматтардың жүріп-тұруын қадағалаймыз. Ал, жедел уәкіл Жеңіс Аблакимовқа келетін болсақ, ол жұмысына жауапты, мамандығына адал, еңбекқор қызметкер, – дейді ол.

Таң сәресінен тікесінен тік тұратын тәртіп сақшыларының жұмыс күні таңертеңгілік сап түзеуден басталады. Жеңіс Аблакимов: «Таңертеңгі жиында лауазымымызға сәйкес әрқайсымызға нақты міндеттер қойылады. Әр полицей өз міндетіне сәйкес жұмысын жалғастырады. Күнделікті айналамыздың тыныштығы, қылмыстардың болмауы үшін барымызды саламыз», – дейді.

Бүгінде зайыбы екеуі екі баланың ата-анасы. Ұл, қызын еркелетіп, болашақтары жайлы үнемі айтып, оларға бағыт-бағдар беріп отырады. Қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан өз міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген полиция қызметкері көпке үлгі.

Гауһар МҰСА
Қаратал ауданы