Жол қауіпсіздік ережелерін бәріміз де сақтау- ға міндеттіміз. Ол, ең бірінші, өз өміріміздің қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Жаяу жүргінші де, көліктегі жүргізуші де ережеге сай жүруі шарт. Себебі, заң – баршаға ортақ.
Көлік жүргізушілері жол белгілеріне сай жүріп, оларды бұзбай, өзінің де, өзгенің де өміріне қиянат жасамаса деп тілейміз. Жыл сайын облыстағы республикалық маңызы бар тасжолы арқылы мыңдаған көлік құралы, соның ішінде шетелдік көліктер де өтеді. Құзырлы органдармен жол қозғалысының қатысушылары тарапынан жолда жүру қағидаларының бұзушылықтары, қылмыстары тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Біз үнемі көлік жүргізушілеріне үндеу тастап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жолаушыларға сыпайы және дұрыс қарауды ескертеміз.
Жол қозғалысы барысында жүргізуші қызметтің ең белсенді субъектісі екенін ұмытпағаны жөн. Жалпы, жолдағы қауіпсіздіктің жай-күйін белгілейтін негізгі фактор – көлік жүргізушілердің және жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі. Сондықтан да біз жол қозғалысы мәдениетін арттыруға көп көңіл бөлгеніміз жөн.
Елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай тұр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін айта кеткеніміз жөн. Жалпы, сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпағанымыз абзал. Тұрғындардан сақтық шараларын барынша сақтауды сұраймыз.
Медет САҒИЕВ,
облыстық патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция майоры