Заңнамадағы өзгерістер: отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және вейптарға тыйым салу

Уақыты: 06.07.2024
Оқылды: 296
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, Заңнамадағы елеулі өзгерістер туралы талқыланды. Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Байкенов әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды заңның күшіне енгенін хабарлады.

Осы жылы 15 сәуірде Мемлекет басшысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулермен қоса әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Бұл заң 16 маусымда күшіне еніп, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне айтарлықтай өзгерістер енгізді.

Мысалы, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді және қасақана ауыр, орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіргені үшін жазалау тәртібі түбегейлі өзгертілді. Енді кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру ғана қарастырылған. 

Сонымен қатар, негізгі аспектілердің бірі осы жылдың 20 маусымында күшіне енген вейпингке тыйым салатын жаңа заң болды. Жетісу облысы ПД басшысының бірінші орынбасары бұл заңның қабылдануына медициналық қоғамдастықтың және жалпы қоғамның жастар арасында вейптердің таралуына қатысты алаңдаушылығының артуына байланысты екенін атап өтті.

Статистика электронды темекіні пайдаланатын жасөспірімдер санының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл жарқын қаптамамен және әртүрлі дәммен жастарды тартатын өндірушілердің белсенді маркетингтік стратегиясымен байланысты.

Жаңа заңға сәйкес темекіні алмастырғыш өнімдерді әкелу және өндіру 2 000 АЕК (7 384 000 теңге) дейінгі айыппұлдар, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, одан айыруды сынды қатаң жазаға дейін қарастырылған. Бұл заңнамалық өзгерістер қоғамдық қауіпсіздікті жақсартуға және азаматтардың, әсіресе осал топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған үлкен күш-жігерді көрсетеді.