Заң үстемдігі – Жаңа Қазақстанның қағидаты. Ал бұл қағидаттың орындалуы үшін құқық қорғау органдарының байыпты жұмысы, нәтижелі қарекеті қажет. Заң мен тәртіптің салтанат құруында өз салмағы бар ел полициясы сол қарекет пен нәтижеден кенде емес. Алысқа орағытпай, өңірдің тәртіп сақшыларының еңбегін таразыласақ та жетіп жатыр.
Жетісулық полицейлер әрдайым халық қызметшісі құзыретінен танған емес. Сол мақсатта елге адал қызмет еткен, Қазақстанның басты қағидатын бұлжытпай орындаған бірқатар аймақ тәртіп сақшылары 23 маусым – Полиция күніне орай марапат биігінен көрінді.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев арнайы барып, аймақ басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Қызмет барысында қаза тапқандарды еске алу мезіретінен басталған шарада Ә. Жақанбаев жыл басынан бері ерлігімен дараланған Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының иснпекторларына алғысын жеткізді.
– Әрбір полиция қызметкері бүгінгі жаңа реформаларға сай әділетті қоғам орнату, заңның үстемдігін орнықтыру, өзіне жүктелген міндеттерін адал атқару арқылы елдің шынайы патриоты болуы керек. Күнделікті қызметінде ерлік пен қаһармандық танытып, адамдардың өмірін сақтап қалған бірқатар қызметкерге алғысымды білдіремін. Олардың арасында Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Диас Омаров пен Данияр Базарбаев патрульдік қызмет кезінде өрт басталған үйден тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырған. Ал жақында осы бөлімнің тағы бір инспекторы Санат Серікқалиұлы суға батып бара жатқан 11 жасар баланың өмірін аман алып қалды. Бұл жігіттер полиция қатарында ержүрек, жауапкершілігі мол, өз ісіне адал қызметкерлердің қызмет етуінің айқын мысалы, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әскербекұлы.
Мұнан кейін сөз тізгінін тартқан облыстық полиция департаментінің басшысы Сарқытбек Құсайынов салада елеулі еңбек еткен ардагерлерге алғаусыз алғыс білдірді. Айтуынша, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, тәртіп пен заң үстемдігін қалыптастыруда еселі еңбек еткен ардагерлер жаңа буын полицейлерге үлгі-өнеге. Сонымен қатар, аймақтың бас полицейі жан-жақты қолдауы үшін облыс әкімдігіне де риясыз ризашылығын жеткізді.
– Жергілікті атқарушы органдары мен полицияның мақсат-мұраты ортақ. Облыс әкімдігі полиция қызметкерлерінің сапалы жұмыс істеуі үшін учаскелік полицейлерді учаскелік пунктпен біріктірілген тұрғын үймен, қызметкерлер планшет, бейнежетондармен, автокөліктердің жылдамдығын өлшейтін, жоғары технологиялы мобильді құрылғылар, жолдарда жылдамдықты тіркейтін және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуде. Бұл қолдаулар тұрақты негізде жалғасын табады деген сенімдеміз. Аймақ полицейлері қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қорғайтын сақшы, ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігінің күзетшісі. Сол тұғырдан төмендемейді, – деді Сарқытбек Құсайынов.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қызметінде ерекшеленген бірқатар полицейге алғыс хат табыс етсе, облыстық полиция департаментінің басшысы Сарқытбек Құсайынов бірнеше тәртіп сақшысының шенін көтерді. Тіпті, жас та болса ерек қызметтегі құқық қорғаушылардың ата-аналары да құрметтен кенде қалмады.
Дастанбек САДЫҚ