АҚ ЖОЛ, ЖАС ОФИЦЕР!

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 363
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы ҰҚК ШеГара академиясы қабырғасындағы төрт жылдық оқуын ойдағыдай аяқтаған 140 курсант алғашқы «лейтенант» әскери шені мен дипломын алды. 


Сонымен қатар, бауырлас Тәжікстан Республикасының түлектері мен Шегара академиясы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру басқармасының 30 магистранты мен 10 докторантына диплом және төсбелгі табысталды. Оған ата-аналар мен ҰҚК төрағасының орынбасары – шегара қызметінің директоры, генерал-майор Е. Алдажұманов және Шегара академиясының басшылары қатысты. 

Салтанатты шара басталмас бұрын балаларының қуанышына жиналған ата-аналар мен ұлттық қауіпсіздік органдары басшыларына тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар басқармасы ұйымдастырған мерекелік плац-концерт көрсетілді. Концерт Шегара академиясы курсанттарының төрт жылдық әскери өмір жолына арналған көрінісінен басталып, оқу бітіруші жас лейтенанттардың плац ортасында «офицерлік вальс» биімен жалғасты. Осы сәтте ортада мың бұрала билеген жұптарға қарап мәртебелі қонақтардың алғаш танысқан, айлы түндерді ұйқысыз өткерген жастық шағына саяхат жасап қайтқанын сағынышқа толы жүзінен аңғардық. Қиын да қызыққа толы курсанттардың әскери өміріне арналған концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жиналған көпшіліктің қуанышты жүзінен байқауға болады.

Көріністен соң академияның жеке құрамы оркестрдің сүйемелдеуімен бір сызықтық арақашықтықта сап түзеп плац ортасына шықты. Осыдан соң ҚР Мемлекеттік Туы көтеріліп,  ҰҚК Шегара академиясының  басшылары баяндама оқыды. Олар: «Әскери шен таққан әрбір адам қашанда ерекше қасиеттерімен, намысымен жан-жақты кәсіби даярлығымен, білімділігімен ерекшеленіп тұратынын тілге тиек етті», – дей келе, бітірушілерге диплом және төсбелгі табыстады. Бұдан кейін ата-аналар атынан А. Чаганова мен лейтенант Д. Дәнебекұлы сөз алып, академия және дивизион басшылығына алғысын жеткізді. 

Жауынгерлік дәстүр бойынша Шегара академиясының ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілері мен Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан үшінші оқу дивизионының курсанттарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, тағзым етті. Оларға арнап гүл шоғын қою лейтенант Абай мен лейтенант Нарходжаевқа берілді. 

Осы орайда Шегара академиясы курсанттардың әскери тәртібі мен білімін шыңдап қоймастан өнер, спорттық жарыстарда да үздіктер қатарынан көрінуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн. Шегара академиясының жас лейтенанттары салтанатты рәсімді әуезді әндермен түйіндеді.

   Айдос ҚҰРАМЫСОВ, 
ҚР ҰҚК Шегара академиясы