ЗАҢ БАРШАҒА ОРТАҚ

Уақыты: 08.07.2024
Оқылды: 449
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әрбір бала толық отбасында өмір сүруі тиіс. Алайда жағдай біз қалағандай бола бермейді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, күн сайын шаңырақ көтерген 5 отбасының кемі үшеуі ажырасады. Өте өкінішті. 


Отбасын құрған ерлі-зайыпты баланың болашағына тікелей жауапты. Олар «баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп өмір сүруі тиіс. Бірақ қазір баланың алаңсыз бақытты балалық шағы, жарқын болашағы үшін жанын беріп, бар жақсыны жасауға ниетті отбасылар тым аз. Себебі олар  отбасы құндылығы қоғамның негізгі факторы екеніне терең мән бермейді. Соңғы жылдардағы дерек пен дәйектер отбасы алдындағы жауапкершіліктің төмендегенін байқатады. Ажырасып жатқандардың баладан гөрі дүние-мүлікті  бөлісуді ойлайтыны қынжылтады. Үй мен көлікті бөліскеннен кейін барып  «баланы кім өсіреді?» деген сұраққа жауап іздейді. Міне, осы тұстан бастап баланың болашағына алаңдағандай күй кешетін ата-аналар саны артқаны өкіндіреді. Әсіресе, баланың бар жауапкершілігін анаға артып қоятын әкелер көбейді. Себебі бізден көмек сұрап келетіндердің басым көпшілігі аналар. Олар әкелердің алиментке жауапкершілікпен қарамайтындарына шағымданады. Демек, әкелер өз борышын өтеуге құлықсыз.   

Жеке сот орындаушыларымен алимент төлемей қашып жүрген борышкерлерге Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу, мүлкін тәркілеп қана қоймай, Қазақстан Респубикасының Әкімшілік құқықбұзушылық Заңының 669-бабына сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салудан  5 тәулікке дейін қамауға алу және де қылмыстық жауапкершілікке тарту сынды шаралар қолданылады.

Бақыт ТҰРЫСБАЕВА, 
Жетісу облысы аумақтық округінің жеке сот орындаушысы