ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЭКС-ШЕНЕУНІК 15 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ АЛАЯҚТЫҚ ІСІ БОЙЫНША СОТТАЛДЫ

Уақыты: 10.07.2024
Оқылды: 229
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қалалық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Қарлығаш Қаюпова жер теліміне қатысты алаяқтық жасағаны үшін үш жарым жылға бас бостандығынан шектелді. 


Қаюпова 2006-2014 жылдар аралығында қалалық жер қатынастары бөлімін басқарған. Ол жер телімдерін жалған адамдардың атына заңсыз рәсімдеген, оның ішінде ағасы да бар. Салдарынан 5, 5410 гектар жер жекеменшікке өтіп, мемлекетке 10 миллион 960 мың теңге залал келтірілген.

Іс материалдарына сүйенсек, 2006 жылы сол кездегі қала әкімі, экс-мәжілісмен Сәкен Жылқайдаров Қаюповаға Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батыс тұрғын алабынан коммерциялық мақсатта жер телімдерін беру туралы әкімнің төрт қаулысының жобасын дайындауды тапсырған. Одан әрі үшінші тұлғаларға сату үшін оның уәкілетті өкілінің атына жалпы көлемі 4,5 гектар үш жер телімін және оның досының атына көлемі 1 гектар бір жер телімін дайындау керек болған. Әйел тапсырмаларды жүзеге асырған. 

Жер учаскелері азаматтардың жекеменшігіне жатпайтын тұрғын үй аймағының резервінен берілген. Соның ішінде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Өскемен-Алматы айналма жолының бойынан 820 шақырым аумақта көпсалалы кешен құрылысына 1 гектар жер телімін берді. Бұл учаске кейіннен бөлініп, сатылды.

Қаюповаға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Ол дауласпай, прокурормен мәмілеге келді. Нәтижесінде мемлекеттік айыптаушы сотталушының бұрын сотты болғанына қарамастан оған бас бостандығын шектеу жазасын сұрады.

Сот экс-шенеуніктің жасы ұлғайғанын, мүлік шығынын ерікті түрде өтегенін ескеріп, түрмеге жібермеу туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы әкімдігі мен мәслихатының "Алатау қаласының шекарасын белгілеу туралы" бірлескен шешімі дайындалғаны туралы хабарлаған едік. Шешімге сәйкес, Қонаев қаласының, Іле, Талғар аудандарының жерлері жаңа қаланың аумағына берілетіні айтылған.