Талдықорғандағы Достық үйінде Нотариат күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Осымен екінші рет аталып өтіп отырған нотариустердің кәсіби мерекесінде өз міндеттерін біліктілікпен атқарып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген сала мамандары марапатталды. Бір мезгілде өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша пікір алысылып, тәжірибе алмасылды.
Шара шымылдығын ашқан облыстық нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, өз мамандықтарының маңыздылығына тоқталды.
– Біз облыстық әділет департаментімен бірлесе отырып ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл орайдағы жұмыстар тұрғындармен, соның ішінде зағиптар, саңыраулар қоғамдарының, басқа да әлеуметтік топтардың өкілдерімен кездесулер өткізіп, оларға білікті заң көмегін беруге, көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келіп тіреледі. Соған орай біз нотариаттың жұмысы жайында көпшіліктің барынша хабардар болып, қажет болған жағдайда тұрғындардың басқаға емес, нақты нотариуске жүгінуі қажеттігін ұғындыруға күш салудамыз. Сол мақсатпен бұқаралық ақпарат құралдарымен де белсене жұмыс істеп, танымдық мақсаттағы мақалалардың көптеп жариялануына көңіл бөлудеміз. Бұл жерде атап өткіміз келетіні – тұрғындардың өмірлік маңызды мәселелерінде даулы жайттар, түсінбестіктер туындамаса екен дейміз. Бір ауыз сөзбен айтқанда нотариустер күнделікті өмірімізде маңызды рөл атқарады, болашақта да осылай жалғасады деп есептеймін, – деді Арман Сейітғапарұлы.
Сала мамандарын облыстық әділет департаментінің басшылары Ержан Еркенов пен Ерлан Ахметбек құттықтап, нотариус жұмысының маңыздылығы мен қажеттігі жайында кеңінен айтып өтті. Сөз орайы келгенде аталған басшыларға республикалық нотариат палатасының арнайы марапаты – «Нотариат саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің тапсырылғанын да айта кетейік. Мұны облыстық әділет департаментінің нотариустердің жұмысын жан-жақты қолдап, олардың рөлі мен беделін көтеру жолында бірлесе еңбек етіп келе жатқандарының жарқын айғағы деуге болады.
Салтанатты шара барысында өз міндеттерін мінсіз атқарып жүрген сала мамандарына республикалық нотариат палатасының басқа да марапаттары тапсырылды. Нақты айтатын болсақ, білікті нотариустердің еңбегі «Нотариат саласындағы адал еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен, республикалық палата төрағасының Алғыстарымен аталып өтілді.
Мерекеде мерейленгендер қатарында республикалық нотариат палатасының медалін иеленген Асқар Майлығұлов пен Айдын Ошанов, аталған палатаның Құрмет грамотасымен марапатталған Ләззат Бекбосынова, Асқар Досымбек, Оксана Войтюк, Жаңылхан Мықтыбаева, Дәулет Ермұратов, Жәмилә Имашева, Ерлан Бекішбаевтар болды. Баққайша Абдулданова, Әлия Бағжаева, Ерсейіт Битілеуов, Айбат Қасимовтар палата төрағасының Алғысын алса, Анар Серғазинова мен Мәдина Айтбаевалар Құрмет грамоталарына ие болды.
Бұл күні Жетісу облыстық нотариаттық палатасының марапаттарын иеленген нотариустердің де мерейлері үстем болды.
Шара соңы сала мамандары, сондай-ақ қалың көпшілік үшін де өзекті болып табылатын тақырыптарды талқылауға ұласты. Нақты айтқанда мұраны нақты қабылдау тәртібі, қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл, т.б. мәселелер бойынша нотариус К. Қадырова, нотариаттық палата заңгері М. Айтахметова, құқықтүсіндіру жұмыстары мен заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Ерсайын Жасұлан баяндама жасады.
Нүсіпбай ДОДАБАЙҰЛЫ