Жүгенсіз жүргізушілерге құрық

Уақыты: 28.07.2024
Оқылды: 501
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жуырда облыстық полиция департаменті ҚР ІІМ нұсқауына сай жолдағы жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қауіпсіздігі саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Қауіпсіз жол» шарасын қолға алды. Оған себеп те жоқ емес. Жыл басынан бері бір ғана Талдықорған қаласының жолдарында 129 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 187 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Ең өкініштісі, 6 тұрғын қаза тапты. 

Облыс орталығындағы көлік қақтығысының  11-не жаяу жүргіншілер кінәлі. Әдетте, тұрғындар жолды тиісті емес жерден кесіп өтуді әдетке айналдырған. Өткен 6 айда облыстық полиция департаменті жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы 9949 әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліпті. Бұл жол ережесін бұзу фактілерінде де жүргіншінің  үлесі басым. 

– Барлық жүргізушіні жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде қырағы болуға шақырамыз. Ал жаяу жүргіншілерге, өз кезегінде, жолды кесіп өту кезінде гаджеттердің барлық түріне алаңдамау қажеттілігін еске саламыз. Сонымен қатар, қараңғыда қозғалу кезінде жарық шағылыстыратын элементтерді немесе жарық түсіретін киім киюді ұсынамыз. Бұл қауіпсіздік шаралары үшін аса қажет, – дейді Талдықорған қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызмет бөлімі бастығының орынбасары К. Смаилов

Айта кететін жайт, заң қанша қатаңдаған сайын  сол заңға көз жұматындар көбейетіндей. Мәселен, жыл басынан бері өңірде жол-көлік оқиғалары бойынша 203 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 19-ы масаң күйде көлік жүргізу бойынша. Жетісулық тәртіп сақшыларының сөзінше, бір ғана 17 шілдеде жол ережесін өрескел бұзу бойынша 20 қылмыстық іс тіркелген. «Қауіпсіз жол» акциясы жүгенсіз жүргізушілерді азайтуға бағытталған.

Дастанбек САДЫҚ